Сәби сүйе алмай жүрген жастар үмітін үзбеуі тиіс – репродуктолог Надира Слямханова

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – «Аңсаған сәби» бағдарламасы 2021 жылдың басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша басталған. Оның мақсаты – көмекші репродуктивті технологиялар арқылы отбасылық-демографиялық мәселелерді шешу, бала сүйе алмай жүрген жастарға қолұшын беру. Жасанды ұрықтандыру күрделі және қымбат медициналық қызметтерге жататыны белгілі. Оның бағасы 2 млн теңгеден басталып, ары қарай шығындар пациентке тағайындалған жеке хаттаманың ұзақтығына байланысты, әр жағдайда бөлек есептеледі. Осы ретте, ШҚО репродуктологы Надира Слямхановамен әңгімелесіп, маңызды сұрақтарға жауап алып көрген едік.

репродуктолог
Фото: кейіпкердің жеке архивінен

- Осы бағдарлама жұмыс істеген үш жыл ішінде өңірде қанша бала дүниеге келді?

- Барлығы 1265 квота бөлініп, 462 сәби дүниеге келді. Бұл өте жақсы көрсеткіш. Бізде ЭКҰ бағдарламасы арқылы туу көрсеткіші 42% құрайды. Үш жыл ішінде 11 егіз, 3 үшем жарық дүние есігін ашты. Ал биыл облыс бойынша 252 квота бөлінді.

- «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы нәрестелі болғысы келген ерлі-зайыптылар үшін іс-қимыл алгоритмі қандай?

- Егер жас жұбайларда отбасы құрғаннан кейін бір жыл ішінде контрацептивтерді қолданбай тұрақты жыныстық қатынас кезінде жүктілік болмаса, онда дабыл қаға бастау керек. Ең әуелі тұрғылықты жері бойынша емханадағы отбасын жоспарлау кабинеттеріне баруы тиіс. Тексерілу, бақылау және емдеу процесін бастаған дұрыс. Ол алтыдан 12 айға дейін созылады. Бірден айта кету керек, ЭКҰ бағдарламасына медициналық көрсеткіштері бар, жоғарыда аталған диагноз қойылған, диагнозы қажетті сынақтармен расталған жұптар ғана қатыса алады.

Есепке тұрып, бір жыл бойы тексеруден өткен екеуі репродуктологтың кеңесін алады. Процедура жылына бір рет жүргізіледі. Бұл әрекеттер жүктілікке әкелгенше қайталанады. Иә, тест тапсыру, әртүрлі тексерулерден өту - ұзақ процесс. Мұндағы басты критерий - дұрыс диагноз қою үшін тиімді тәсілді мұқият таңдау. Гормоналды өзгерістерді, қабыну процестерін, ықтимал қауіптерді жою керек. Егер отбасына жоғары технологиялық зертханалық диагностика қажет болмаса барлық зерттеу тегін. Бір ғана шарт: пациент МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесіне ие болуы тиіс.

- Кезек қаншалықты ашық?

- Ұзақ кезек жоқ. Ары кетсе 3-тен 6 айға дейін. Жергілікті медициналық ұйымдар-емханалар диспансерлік науқастардың, оның ішінде квота бойынша ЭКҰ-ға мұқтаж адамдардың тізімін жасайды. Олар пациенттердің құжаттарын облыстық денсаулық сақтау басқармасы жанындағы комиссияға жолдайды. Комиссия ұсынылған құжаттар негізінде бедеулікпен ауыратын науқастарды экстракорпоральды ұрықтандыруға жіберу туралы шешім қабылдайды.

Құжаттардың үзінді көшірмелері бойынша қатысушының бағдарлама үшін іріктеу критерийлеріне сәйкестігін тексереміз. Ерлі-зайыптылардың барлығы дерлік ЭКҰ-орталыққа жолдама алады. Пациенттер егер бұл әрекет бірінші рет сәтсіз болса, онда олар қайтадан тізімге енгізілгенін біледі. ЭКҰ-орталықты таңдау - ерлі-зайыптылардың өз еркінде.

- МӘМС бойынша ЭКҰ жүргізетін клиникалардың тізімін қайдан табуға болады?

- Пациенттер клиниканы қордың fms.kz ресми сайтына кіру арқылы таңдай алады. Бірінші қадам – «науқас үшін» батырмасын басуы керек. Екінші қадам – «клиниканы таңдау» бөліміне өтіп, «ЭКҰ қызметтерін көрсететін медициналық ұйымдардың тізімін» таңдау қажет. Жүктелген файлда сіз клиникалардың тізімін, олардың мекенжайлары мен телефондарын таба аласыз.

Қорыта айтқанда, бұрын отбасылардың көбі ЭКҰ процедурасына жүгіне алмады. Бұның негізгі себептерінің бірі – қаржы мәселесі. Сондықтан «Аңсаған сәби» бағдарламасы мемлекет өтеусіз негізде беретін ата-ана болудың бірегей мүмкіндігіне айналды. Сәби сүйе алмай жүрген жастар үмітін үзбей, осы бағдарламаға қатысып көруі тиіс.

Соңғы жаңалықтар