Сәбиін көтерген курьер-анаға қандай қолдау көрсетілді

АСТАНА. KAZINFORM — Шақалағын көтеріп, Алматыны кезіп, курьер болып жүрген әйел Шымкентке көшіп кетті. Бұл жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев мәлімдеді. 

курьер
фото: Видеодан кадр

— Бұл ақпарат жария бола сала, Алматы қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мемлекет атынан оның үйіне барды. Жұмысқа орналастыру шаралары ұсынылды. Бірақ аталған отбасы бас тартты. Олар Алматыдан кетіп қалды. Бұрын Шымкентте тұрған екен, сонда оралды. Ешкім ешқандай қысым жасаған жоқ. Мұндай шешімді қабылдаған — өздері. Неге олай істегенін білмеймін. Үй ішінің жеке мәселесі. Мүмкін ата-анасы шақырған шығар. Күні кеше Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы олардың аталған шаһарға қоныс аударғанын растады, — деді ол.

Сонымен бірге, Ербол Тұяқбаев әйелдің жұмыс істеуіне министрліктің ешқандай қарсылығы жоқ екенін атап өтті. Алайда жауапты орган әйел жұмыс істесе, ана мен баланың қауіпсіздігіне мән береді.

Айта кетейік, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Қазақстанда еңбек кітапшаларын қолданыстан шығарып, азаматтардың еңбек өтілін цифрлық форматта тіркеу жоспарланып отырғанын мәлімдеген еді.