Сабыржан Аққалықов бокстан әлем чемпионатында қарсыласын нокаутқа жіберді

АСТАНА. KAZINFORM — Халықаралық бокс ассоциациясы (IBA) аясында Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатында бүгін, 6 желтоқсанда ел құрамасынан Сабыржан Аққалықов (75 келі) алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті.

Сабыржан Аққалықов бокстан әлем чемпионатында қарсыласын нокаутқа жіберді
Фото: Қазақстан бокс федерациясы

Отандасымыз Сейшель аралдарынан келген Джошуа Аарон Кузинмен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында қазақстандық боксшының басымдығы байқалды. Нәтижесінде екінші раундта ол қарсыласын нокаутпен тізе бүктірді.

Енді кешкі сессияда еліміздің атынан Даниял Сәбит (51 келі) кениялық Келвин Майнамен кездессе, дәл сол уақытта басқа рингте Сәкен Бибосынов (54 келі) бразилиялық Катего Кеорапетсемен шеберлік байқасады.

Бұл күні ел құрамасынан соңғы жекпе-жекті Серік Теміржанов (60 келі) моңғолиялық Эрдэнэбатын Цэндбаатарға қарсы өткізеді.

Айта кетсек, қазірге дейін отандастарымыз арасынан Санатәлі Төлтаев (67 келі), Ерасыл Жақпеков (80 келі), Дәулет Төлемісов (86 келі), Нурмагамед Юсупов (92 келі) жарысты жалғастыруға мүмкіндік алды.