Сәдібек Түгел перзентханада жаңа туған сәбилерге бата берді

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидат Сәдібек Түгел Қарағанды облыстық клиникалық ауруханасы жанындағы перзентханада болды, деп хабарлайды үміткердің баспасөз қызметі.

Сәдібек Түгел перзентханада жаңа туған сәбилерге бата берді

Үміткердің сайлауалды бағдарламасындағы басты бағыттардың бірі - демографияға ерекше көңіл бөлу. Осыған орай, Сәдібек Түгел Қарағанды облыстық клиникалық аурухана жанындағы перзентхана бөлімін аралады. Өмірге перзент әкеліп, қуаныштан жүздері жайнаған төрт ана - Мадина Ысқақова, Әсел Есендаулетова, Эльмира Абдрахманова мен Мөлдір Әбенге гүл шоғын сыйлап, ақ тілегін арнады.

«10 жылдан астам уақыт облыстың барлық шалғай аудандары мен қалаларындағы аналардың денсаулығын қадағалап, оларға қалтқысыз қызмет көрсетіп келеміз. Біздің перзентхана бөлімінде жылына екі мыңдай сәби өмірге келеді әрі бұл көрсеткіш жыл өткен сайын көбейе түсуде»,- дейді аурухананың акушерлік-физиологиялық бөлімінің меңгерушісі Жанар Жарова.

Акушер-гинеколог Наталья Буйненконың айтуынша, соңғы кездері мұнда бесінші,алтыншы, жетінші балаларын өмірге әкеліп жатқан аналардың көбейіп отыр. Жаңа туған сәбилерге ақ батасын берген Сәдібек Түгел мен оның сенімді өкілдері бұдан кейін қала орталығындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке барып, гүл шоғын қойды.