Сәдібек Түгел штабы елордада экологиялық акция өткізді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін елордадағы «Жетісу» саябағында ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгелдің сайлауалды штабы экологиялық акция өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат кандидаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
1991 жылы 12 мамыр - экологиялық білім күні ретінде белгіленіп, Ресейде және ТМД елдерінде аталып өтіп келеді. Акцияның мақсаты - қоршаған ортаға қамқорлық, экологиялық білім беру арқылы жас буынды туған жерінің табиғатына жанашырлықпен қарауға тәрбиелеу.
Сәдібек Түгел өзінің сайлауалды бағдарламасында «Жер ана - жанымыз, ана тілі - арымыз» деп, ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруді басты мақсат еткендіктен, бұл шараға мектеп оқушылары мен республикалық каратэ федерациясынан жас буын келіп қатысты.
Олар саябақтағы қоқысты жинап, «Ұлы Дала қырандары» қозғалысынан ҚР Президенттігіне үміткер Сәдібек Түгел штабы ұйымдастырған экологиялық акцияға атсалысты. Осылайша жас ұрпақ «адамның санасы тазармай, қаласы тазармайтынын» сезініп, тазалық акциясынан ерекше әсер алды.
