Садыр Жапаров Қырғызстан әнұранын өзгерту бастамасын қолдады

БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғызстан президенті Садыр Жапаров «Кабар» агенттігіне берген сұхбатында Жогорку Кенеш спикері Нұрланбек Шакиевтің мемлекеттік әнұранды өзгерту туралы ұсынысына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды Kazinform меншікті тілшісі.

Садыр Жапаров
Фото: Кабар

Қырғыз басшысы бұл идеяны қолдау қажет деп санайды.

«Әнұранды өзгертсек жақсы болар еді. Оны жаңартсақ, несі жаман ? Қазіргі Әнұранымыз осыдан 33 жыл бұрын тәуелсіздік алған тұста жазылған. Әнұран авторлары ел азаттық пен тәуелсіздікке қол жеткізіп, қырғыз халқының тағдыры солардың қолында екенін қуанышпен, толқумен жазды. Содан бері 33 жыл өтті. Біз толыққанды мемлекетке айналдық. Бізді бүкіл әлем біледі. Жүз жылдан кейін азаттық алып, тәуелсіз ел болдық деп жырлай бермекпіз бе? Тәуелсіз мемлекет екенімізді, бес мың жылдық тарихы бар халық екенімізді жырлап, жастарды, болашақ ұрпақты жігерлендіретін Әнұран неге жазбасқа? Әрине, қазіргі әнұранымыз ұмытылмайды. Ол республикамыздың тұңғыш әнұраны ретінде тарих мұрағатында қалады», – деді ол.

Садыр Жапаров бұған дейін кейбір демагогтар мен популистердің де туды өзгерту идеясына қарсы болғанын еске салды.

«Қазіргі туымыз жаман ба? Ол бұрынғымен салыстырғанда жақсырақ болды. Ескі жалаудағы күн символы не күнбағысқа, не «ағаш тілгішке» ұқсайтын. Енді бұл күн сәулесі екені бірден белгілі болды. Ол жарқырап тұр», - деп түсіндірді президент.

Бұған дейін Жогорку Кенеш спикері Нұрланбек Шакиев Қырғызстан әнұранын қайта жазуды ұсынғаны хабарланған болатын.

Еске сала кетсек, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров «ҚР мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 20 желтоқсанда Жогорку Кенеш қабылдаған заңға қол қойды.

 

Соңғы жаңалықтар