Садыр Жапаров жұмыс сапарымен Астанаға келді
АСТАНА. KAZINFORM – Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров бүгін, 17 қыркүйекте Орталық Азия мемлекеттері басшылары және Германия Федералдық канцлерінің екінші кездесуіне қатысу үшін Астанаға жұмыс сапарымен келді. Бұл туралы Қырғызстан президентінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Қырғызстан президентінің ұшағы Қазақстан астанасының халықаралық әуежайына қонды.
Президент Садыр Жапаровты Премьер-Министрдің орынбасары – Қазақстан Республикасы Үкіметі Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаев және басқа да ресми тұлғалар қарсы алды.
Халықаралық әуежайда құрметті қарауыл жасақталды.
Еске сала кетсек, сапар барысында Президент Садыр Жапаров сондай-ақ Орталық Азия елдері басшыларының неміс кәсіпкерлерімен кездесуіне қатысады, неміс бизнес-қоғамдастығымен жеке кездесу өткізеді, Германия Федералдық канцлері Олаф Шольцпен екіжақты келіссөздер жүргізеді.