Садриддин Ахмедов әлем рейтингінде 116 сатыға жоғарылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Кәсіпқой бокста кезекті жеңісіне қол жеткізген қазақстандық боксшы Садриддин Ахмедов (7-0, 7 КО) әлем рейтингінде жоғарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Садриддин Ахмедов әлем рейтингінде 116 сатыға жоғарылады

Канаданың Монреаль қаласында өткен бокс кешінің андеркартында 20 жастағы Ахмедов мексикалық Абрахам Хуареспен (13-2, 5 КО) кездескен еді. Қазақстандық төртінші раундта қарсыласын нокаутпен жеңіп, жастар арасында бірінші орта салмақ санатындағы WBC чемпионы атанды. Кейін Садриддин Фейсбуктегі парақшасында бұл жеңісін кімге арнайтынын жазды.

Осы жеңістен кейін BoxRec.com порталы жасаған әлем рейтингінде Ахмедов өз дивизионында бірден 116 саты жоғарылап, 85-орыннан бір-ақ көрінді. Осылайша ол 80-орында тұрған тағы бір қазақстандық боксшы, WBC Asia белдігінің иесі Нұрсұлтан Жаңабаевқа (6-0, 4 КО) бір табан жақындай түсті.