Сафура Темурбаева: Ұстаздың басты міндеті – сапалы білім, саналы тәрбие беру

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының мүшесі, педагогика ғылымдарының магистрі, республикалық «Үздік авторлық бағдарлама» байқауының 5 дүркін жеңімпазы, «ҚР Білім беру ісінің Үздік қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «Лидер образования», «Үздік педагог», «Ұлағатты ұстаз», «Ұлт ұстазы» төсбелгілерінің, «Құрмет» орденінің иегері Сафура Темурбаеваның есімі білім саласы қызметкерлері арасында кеңінен танымал.

Сафура Темурбаева: Ұстаздың басты міндеті – сапалы білім, саналы тәрбие беру

«Өзінің уақытын аямайтын, өзгенің бақытын аялайтын» ұстаздық жолын таңдаған ұлағатты ұстаз ҚазАқпарат тілшісіне өз мамандығы туралы мақтанышпен айтып берді.

– Сафура Сәлімбайқызы алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз ?

– Мен 1976 жылы 26 желтоқсанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Кентау қаласы, Ащысай кенішінде дүниеге келдім. Ащысай кенішіндегі №7 Ж.Жабаев атындағы мектепті 1993 жылы бітіріп, 1997 жылы Абай атындағы Алматы Мемлекеттік университетінің филология факультетін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдағанмын. Алғаш еңбек жолымды студент кезімнен 1996 жылы Алматы қаласы М.Әуезов атындағы №128 жалпы білім беретін орта мектептен бастадым. Қазір Алматы қаласы Білім басқармасы «М. Мақатаев атындағы № 140 гимназия» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ берем. Жалпы педагогикалық еңбек өтілім – 25 жыл, оның ішінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметіндегі еңбек өтілім – 10 жыл.

– Педагог мамандығын неліктен таңдадыңыз ?

– Мамандық таңдауға байланысты әркім әртүрлі пікір айтады. Мен бала жастан ұстаз болуды армандайтынмын. Ата-анам да маған үнемі «Сен ұстаз боласың!» дейтін. Қай жерде болмайын, өзіммен қатарлас балалар: «Ойын ойнайық!» десе, мен: «Апай, ағай!» болып ойнайық, сабақ өткізейік!» дейтінмін.Ұстаздарымның әрекетін қайталап, өзіммен қатарлас құрбыларыма сабақ үйрете бастайтынмын. Күн санап ұстаздық мамандыққа деген қызығушылығым арта бастады.

– Қазақ тілі мен әдебиеті пәнін таңдауыңыздың себебі не ?

– Жастайымнан әдебиетке құштар болып өстім. Шешендік өнерге, даналық афоризмдер мен билердің нақыл сөздеріне, қазақтың мақал-мәтелдеріне жақын болатынымдай-ақ бар еді. Өйткені анам мен әкем шай үстінде жай сөйлесіп отырса да, Қазыбек, Әйтеке, Төле билердің қанатты сөздерімен қиюын келістіріп сөйлегенде елді аузына қарататын, тапқырлықтары кім-кімді болмасын тамсандырмай қоймайтын. Ең сүйікті пәнім –гуманитарлық бағыттағы пәндер болғандықтан, сол сабақтарға ерекше құлшыныспен қатысатынмын. Әдебиеттен шығарма не ойтолғау жазуға тапсырма берілсе, оны бірден орындап, ұстаздарым мен сыныптастарымның алдында дауыстап оқып беруге асығатынмын.

Алтын ұя мектебімнің мерейін асқақтатып, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері бойынша қалалық, тіпті республикалық байқауларда бақ сынап, жүлделі орындар иемденіп жүрдім. Біртіндеп өлең жазуға деген құшартылығым ояна бастады. Менің ұстаз болуыма септігін тигізген өзіме сабақ берген ұстаздарым десем әбден болады. Осы орайда, гуманитарлық пәндерден сабақ берген ұстаздарым Фатима апай, Сағат апайды ерекше атап өткім келеді. Олардың ұстаздық жолдағы ұстанымы мен ұстаздық болмыстары мені қатты таңдандыратын.

– Ұстаз деген ұлы мамандықтың беделін түсірмеу үшін не істеу керек деп ойлайсыз ?

– Ұстаздық - мамандық атаулының киелісі. Оның киелі екенін ұқпағандар ғана беделін түсіреді. Ұстаз деген атқа лайық әр маман оның киесін ұғады, ешқашан беделін түсірмеуге тырысады. Ұстаз деген ардақты атты алып жүру үшін абыройлы іс жасап, адалдықты ту ету керек. Ең алдымен, ұстаздың басты міндеті – сапалы білім, саналы тәрбие беру. Осы жолда қалтқысыз еңбек етіп, шығармашылық ізденісте жүрген мұғалім ғана жеңістерге жол бастайды. Мен педагог мәртебесін арттыру жолында тынбай еңбектенетін, нағыз ұстазға тән қасиеттерге ие барша әріптестеріммен мақтанамын.

– Білім беру - жаңалықты, инновацияны қажет етеді. Сабақ беруде өзіңізге ғана тән ерекшеліктер бар ма ?

– Иә, қазіргі таңда білім беру жүйесі жаңашылдықты, инновацияны қажет етеді. Осы орайда, әр ұстаз жаңашылдықтың көшінен қалмай, өзіндік қолтаңбасымен, тың жобаларымен білім үдерісін дамытуға өзіндік үлесін қосуда. Мен де шама-шарқым жеткенше өз жобаларымды қолданып, оң нәтижеге қол жеткіздім десем болады. 5-11-сыныпқа арналған «Мұқағалитану», «Халық ауыз әдебиеті», «Көркем мәнерлеп оқу», «Абайтану» т.с.с. (жалпы жиыны - 10) авторлық бағдарламалар жаздым. Қазіргі таңда бұл бағдарламалар республика көлемінде қолданыста.

– Тәуелсіздік алғанымызға биыл 30 жыл. Осы уақыт аралығында білім саласы қалай дамыды ?

– Менің жалпы педагогикалық еңбек өтілім 25 жыл. Өткенге көз жүгіртсем, шынында да, білім саласында көп оң өзгерістер болды. Рухани да, материалдық тұрғыда да өсу бар. Педагог мәртебесін арттыру аясында жасалып жатқан игі бастамалардың өзі - білім саласын дамытудың негізі.

– Қазіргі жас мұғалімдерге көңіліңіз тола ма ?

– Шыны керек, ізбасар әріптестеріме, жас мамандарға қарап қызығамын, қуанамын, марқаямын, мақтанамын, шабыттанамын. Жалындаған, жігерлі, озық ойлы, жаңашыл, шығармашыл, талай жас маман көрдім. Алдағы уақытта олардың талай белестерді бағындырарына, білімді азаматтар қалыптастыру жолында аянбай еңбек етеріне сенемін.

«Шәкіртінің жеңісі - ұстазының жемісі» дегендей, биіктен көрінген шәкірттеріңіз бар ма ?

– 1996-2021 жылдар аралығында өзімнің 300-ден астам, оқушымның 400-ден аса зерттеу және шығармашылық ізденіс жұмыстары, өлеңдері, ойтолғаулары, мақалалары республикалық басылымдарда жарық көрді. ҰБТ-ға дайындаған оқушылары соңғы ескі форматта қазақ тілінен 23 балды, қазақ әдебиеті пәнінен 25 балды көрсетті. Жаңа форматтағы ҰБТ тапсыруда оқушыларым 140 балдан 129 орта балл, оқу сауаты бойынша 20 балл, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен 40 балл көрсетіп келеді. 200 шәкіртім аудан, қала, республика көлемінде түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанды.

– 11 сыныпқа арналған «Қазақ тілі» оқулығының, «Диктанттар жинағы», «Қазақ тілі және әдебиет пәнінен ҰБТ-ға дайындаудың тиімді жолдары» әдістемелік құралдарының авторысыз. Осы туралы айта кетсеңіз...

– Қазіргі таңда аталмыш оқу құралдары мен «Қазақ тілі және әдебиет пәнінен ҰБТ-ға дайындаудың тиімді жолдары» атты әдістемелік құрал әлі де сұранысқа ие. Бұл оның өміршеңдігі мен өзектілігін көрсетеді.

Осы орайда, биылғы оқу жылы «Үздік ұйым» атанған Алматы қаласындағы №140 гимназияның ұстаздарын және респбуликаның түкпір-түкпіріндегі барша әріптестерімді Ұстаздар мерекесімен құттықтағым келеді. Ұстаз деген ардақты атты иеленген шығармашыл жандардың еңбектеріне табыс тілеймін. Өскелең ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім беру жолында әр қадамы сәтті, шәкірттері зейінді болсын деген тілек білдіргім келеді.

– Сұхбатыңызға рахмет!