Сағат 20-00-дегі мәліметтер бойынша, еліміздің прокуратура органдарына 43 өтініш келіп түсті
АСТАНА. 15 қаңтар. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Сағат 20-00-дегі мәліметтер бойынша, еліміздің прокуратура органдарына Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауына байланысты 43 өтініш келіп түсті.
Олардың біреуі ғана тікелей Бас прокуратураға түскен. Қалған 42 арыз-шағым аумақтық прокуратураларға жолданды. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте Бас прокуратураның ресми өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков мәлім етті.
Оның деректерінше, арыз-шағымдардың 3-уі Қызылорда облысының прокуратурасына, 1 шағым Ақмола облысының прокуратурасына, 2-уі Алматы облысының прокуратурасына, 5-уі Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасына жолданды. Сонымен қатар 6 шағым Қарағанды облыстық прокуратурасына, 2 арыз Павлодар облыстық прокуратурасына, 2-уі Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасына, 1-уі Ақтөбе облыстық прокуратурасына, 3-уі Жамбыл облыстық прокуратурасына, 6-уы Оңтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасын түсті. Ал Астана қаласына 2, Алматы қаласына 9 шағым түсті.
«Бұл арыз-шағымдарда сайлау заңнамасының бұзылуы туралы жекелеген деректер көрсетілген. Арыз-шағымдар «Сайлау туралы» конституциялық заңына сәйкес, қаралып шешілуде. Олардың 16-ы құзырлы органдарға жолданып, 1-уі қарсы өтініш бойынша қараусыз қалдырылды, 6-ын қанағаттандырудан бас тартылды, 6-уы бойынша заң талаптары түсіндірілді. Ал 15 шағым әлі қаралу үстінде», - деді ресми өкіл.