Сағынтаев: «Алматы жастары» бағдарламасы келер жылы жалғасады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Алматы жастары 3.0» жеңілдетілген несие беру бағдарламасы келер жылы да жалғасады. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы» телеарнасында тікелей эфирде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сағынтаев: «Алматы жастары» бағдарламасы келер жылы жалғасады

Қала әкімінің айтуынша, 2021 жылдың 10-31 наурызы аралығында «Алматы жастары 3.0» қалалық бағдарламасы аясында өтініш мен құжат қабылданды, мұнда бастапқы және қайталама нарықта баспана алу үшін 5 пайыздық жеңілдікпен несие беріледі.

Бағдарлама аясында 1 000 жас отбасыны қамту жоспарланған, олардың арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар бар. Олар медицина қызметкерлері, мұғалімдер, ЖОО-ның және ҒЗИ-ның оқытушылары мен ғылыми қызметкерлері, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, жазушылар, халықты әлеуметтік қорғау саласының және құқық қорғау органдарының қызметкерлері.

Бұрын хабарланғандай, биыл түскен 9 741 өтініштің 5 913-і оң шешілді. 30 сәуірде іріктелген алғашқы 500 қатысушыға өтінім сайтында жолдама берілді. Келесі аптада, 7 күннен соң келесі 500 жолдама тапсырылады. Азаматтардың жаппай шоғырлануын болдырмау мақсатында жолдама кезең- кезеңмен беріледі.

«Бағдарлама үлкен сұранысқа ие. Сондықтан оны жүзеге асыру келер жылы да жалғасады. Өтінімді қабылдаудың басталуы туралы ақпарат бағдарламаның сайтында және БАҚ-да жарияланады»,- деді Бақытжан Сағынтаев.