Сағынтаев: Алматыда тұрғын үй құрылысының қарқыны жақсы
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда жыл қорытындысы бойынша 2,4 млн шаршы метрге жуық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматы әкімі Б. Сағынтаев Instagram -дағы парақшасында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үй кешендеріның құрылыс барысы туралы айтты.
«Тұрғын үй құрылысының қарқыны жақсы. Жыл қорытындысы бойынша барлық бағыт бойынша 2396 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарда бар. Бұл 2019 жылға қарағанда 300 мың шаршы метрге артық», — деп жазды мегаполис әкімі.
Оның айтуынша, «Жаңа Алматыда» ауқымды құрылыс басталды. Наурызбай ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 217 840 шаршы метрді құрайтын 127 көппәтерлі «Alma City» тұрғын үй кешені салынуда. Биыл — 100 үй, келесі жылы қалғандары пайдалануға беріледі.

Жалпы, 2020 жылы 2396 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған, оның ішінде коммерциялық — 1591 мың шаршы метр немесе 17 420 пәтер, мемлекеттік бюджет есебінен — 290 мың шаршы метр немесе 5206 пәтер, жеке тұрғын үй құрылысы — 510 мың шаршы метр немесе 2062 үй, жатақханалар — 4,6 мың шаршы метр.
Сондай– ақ, Алматы әкімі мектеп құрылыстарының қарқынын тексерді. Өйткені, қала тұрғындары көтеретін өзекті мәселенің бірі — мектептердегі орын тапшылығы. Әуезов ауданының Жетісу-2 ықшамауданындағы № 117 мектептің жанынан 900 орынды қосалқы нысан салынуда. Ал, Наурызбай ауданындағы № 186 мектеп жанынан 513 оқушы орынды нысаның құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар, 120 орынды балабақша бой көтеруде.
«Жалпы келесі оқу жылының басында мектептерге жапсарлас салынатын 8818 орынды 17 қосымша құрылыс нысанын тапсыруды жоспарлап отырмыз. 2021 жылдың соңына дейін Алатау, Наурызбай, Түрксіб аудандарында 12 600 орынға арналған 8 мектеп ашылады», — деп жазды Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар, қала әкімі «Қалқаман» ықшамаудандағы құрылыс алаңында болды, мұнда №7 қалалық аурухананың 48 төсек-орындық қабылдау бөлімінің жаңа корпусы салынуда. Алмалы ауданындағы сән және дизайн колледжінің жанынан салынған 80 орындық қосалқы нысанның құрылысы аяқталды.
«Салынып жатқан барлық нысандардағы жұмыстың сапасын бақылауға алуды және оларды мерзімінде пайдалануға беруді тапсырдым. Аулалардың, кіре беріс жолдардың абаттандырылуы және заманауи құрылғылардың жеткізілуі басты назарда болуы тиіс», — деп атап өтті Алматы әкімі Б. Сағынтаев.
