Сағынтаев ауылдық жерлерді таза ауызсумен қамтудың тиімді жолын айтты

«Менің ойымша, жақсы талқылау болды. Өйткені, ауыз су - күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе. Жоғарыда айтып өткендей, ауыз су мәселесі Елбасының тікелей бақылауында тұр. Әсіресе, ауылдық жерлердегі елді мекендерді сумен қамтамасыз ету - күрделі мәселе. Оны шешу жолдары бар. Оны біз қарастырып жатырмыз. Дегенмен, қазіргі әлемдегі экономикалық жағдайға байланысты кезінде «Ақ бұлақ» бағдарламасын бастаған кезде бөлінген қаржы көлемі бюджетті секвестрлеу жасаған кезде қысқартылған болатын. Осыған орай елді мекендерді сумен қамтамасыз етуге бөлінетін қаржы көлемі біраз төмен түсті», - деді Үкімет басшысы.
Дегенмен Сағынтаевтың айтуынша, ақша көлемінің қысқарғанына қарамастан соңғы 3-4 жылдың ішінде ауылдық жерлердегі елді мекендерді сумен қамтамасыз ету бұрынғы 42 пайыздан 51 пайызға дейін көтерілді. Қалалық жерде 87 пайызға дейін артты.
«Бұл - жақсы көрсеткіш. Дегенмен, жағдай солай екен деп қарап қалмауымыз керек. Мәселе қосымша қаржы көзін іздеуде емес сол бағдарлама ішінен қарап, тиімсіз пайдаланылып жатқан қаржыны дұрыс жолға көшіруде. Жобаны жасаған кезде жіберген бірқатар олқылықтарымыз да бар. Соның бәрін дұрыстап қарасақ қомақты қаржы шығады», - деді ол.
Премьер-Министр халық ауыз суды ең бірінші кезекте әкімдерден сұрайтындығын, сондықтан бұл мәселеге жергілікті жерден де қаржы бөлінуі тиістігін баса атады.
«Үкімет тарапынан қаржы берілсе, онда әкімдік тарапынан да суға қаржы бөлген дұрыс деп ойлаймын. Мәселен, кезінде 2007 жылдан бастап жергілікті жолдарды салу кезінде Үкімет тарапынан берілген ақшаға қосымша жергілікті жерлерден де қаржы бөлінді. Яғни, жергілікті жерден қанша қаржы бөлінсе, сонша көлемде республикадан да бөлініп отырды. Бұл әкімдерді ынталандыру үшін жасалған еді. Біз екі жақтап қаржы бөліп отырсақ сумен қамтамасыз етілмей отырған 48 пайыз елді мекеннің бәрін жылдам уақытта сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік болады», - деді Сағынтаев.