Сағынтаев Бреттон-Вудсты жаңғырту комитетінің бас директорымен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Бреттон-Вудсты жаңғырту комитетінің Бас директоры Марк Узанмен кездесті, деп хабарлайды primeminister.kz.

 Сағынтаев Бреттон-Вудсты жаңғырту комитетінің бас директорымен кездесті

Кездесу қатысушылары жаңа экономикалық сын-тегеуріндер тұрғысынан алғандағы ынтымақтастық келешегіне қатысты мәселелерді талқылады. Комитет Қазақстанның экономикалық әртараптандыру және тұрақты даму үдерістерін ілгері жылжыту жөніндегі серіктесі болып табылады.

Еске сала кетсек, Бреттон-Вудсты жаңғырту комитеті - 1994 жылы оның қазіргі Бас директоры Марк Узанның (Нью-Йорк қ.) Бреттон-Вудс конференциясының 50 жылдығын мерекелеу аясында негізін қалаған коммерциялық емес ұйым.

Комитет қызметі жаңа экономикалық сын-тегеуріндерге әлемдік қаржы архитектурасы мен валюта жүйесін бейімдеуді мақсат ететін, жоғарғы деңгейдегі қатысушылар арасында ашық диалог ұйымдастыруға бағытталған.