Сағынтаев: Елшілер елге инвестиция тарту мәселесін айрықша назарда ұстауы тиіс
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның шетелдегі елшілері елге инвестиция тарту мәселесін айрықша назарда ұстауы тиіс. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында еліміздің Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазір ғана Мемлекет басшысы хабарласып, Жапония мен Кореяға сапарынан кейін инвестициялық ахуалға қызығушылық танытты. Жапонияның да, Кореяның да ірі бизнесі тарапынан елімізге қызығушылықтың жоғары екендігін айтты. Сондықтан бұл жұмыстарды күшейтуіміз қажет»,- деді Сағынтаев.
Осы ретте Үкімет басшысы елімізге шетелдік инвестиция тарту үшін KAZNEX INVEST-тің» және Қазақстан елшіліктерінің жұмысын күшейту қажеттігін баса айтты.
«Ерлан Әбілфайызұлы (ҚР Сыртқы істер министрі Ыдырысов) барлық елшілер елімізге инвестиция тарту бағытына жіті назар аударып, жұмыс істеулері қажет. Елшілердің бірінші кезектегі жұмысы осы және сұрау болады. Өзіңіздің ведомствоңыздың ішінде де осындай жұмыс жүргізіңіз. Содан кейін тағы бір бас қосып, жұмысымыздың қорытындысын Мемлекет басшысына баян ететін боламыз», - деді Премьер-Министр.
Өз кезегінде Сыртқы істер министрі барлық елшілер экономикалық блокта жұмыс істеуге баса назар аударып отырғандығын айтты.
«Біз Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, сізге инвестициялық штаб бойынша ұсыныс енгіздік. Онда жүйеқұраушы үш мәселе бар, оны сізбен бірге талқылағымыз келеді. Оның ішінде ұлттық сауда саясаты мен жекешелендіру мәселесі бар. Өзіңіз де білетіндей, Жапония мен Кореяға сапары барысында Мемлекет басшысы жекешелендіру мәселесіне айрықша назар аударды. Сондықтан бұл жерде кәсіби тұрғыда ақпараттық топтама әзірлеу қажеттігі туындауда және оны жүзеге асырудың келісілген алгоритмі болуы тиіс»,- деді Ыдырысов.