Сағынтаев Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссиясы басшысымен кездесті
Кездесу барысында ХВҚ-мен макроэкономикалық және салық-бюджет саясатын, қаржы секторының қызметін дамыту, сонымен қатар «Нұрлы жер» және «100 нақты қадам» Ұлт жоспары ауқымды бағдарламаларын, жекешелендіру, жер реформасы бағдарламалары мен «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске асыру бойынша одан арғы өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Халықаралық валюта қорының Қазақстандағы миссиясының басшысы Марк Хортон Қазақстандағы оң өзгерістерді атап өті. Орташа мерзімді кезеңде әлемдік экономикада, қаржы және тауарлық нарықтарда тұрақты жағдайды сақтау көзделіп отыр.
«Қазақстан «жаңа қалыпты жағдайға» сәтті бейімделді және икемді экономика моделін ұстануын жалғастырып келеді. Макроэкономикалық тұрақтылық плацдармы - мемлекет жүргізіп отырған монетарлық және қазыналық саясат, тұрақты қаржы секторы мен қор нарығы», - деді М. Хортон.
М. Хортон атап өткендей, іске асырылып жатқан бағдарламалық құжаттармен қатар, экономикалық өсімнің қозғаушы күші Төртінші өнеркәсіптік революция және жаппай цифрландыру элементтерін енгізуді ескерумен экономика салаларын технологиялық жаңғырту болып табылады. Жаңашылдықтардың негізгі иеленушілері өңдеу секторы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, сонымен қатар құрылыс болады.
«Индустриялық-инновациялық даму, тұрғын үй құрылысын инфрақұрылымдық дамыту, экономиканы цифрландыру және басқа да бағдарламаларды іске асырудың арқасында экономиканың барлық салаларын алға жетелейтін дамыту қамтамасыз етілген. Біз сіздерге барлық мемлекеттік бағдарламаларды ілгерілету мен сәтті іске асыруда қолдау білдіреміз», - деді ХВҚ миссиясының басшысы.
ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан Үкіметі ХВҚ өзара іс-қимыл тәжірибесімен алмасуға және үздік практикаларын таратуға ықпалын тигізуге әзір екенін атап айтты.
Қазақстан 1992 жылы 15 шілдеде ХВҚ мүшесі болды. 2010 жылдың күзінен бастап ҚР ХВҚ швейцариялық тобына енді (бұрын Қазақстан ХВҚ бельгиялық тобына енген еді), оған Швейцария, Польша, Сербия, Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан елдері де кіреді.