Сағынтаев ірі инвесторлармен қазақстандық жобаларға қаржы салу стратегиясын талқылады
АСТАНА. ҚазАқпарат ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Kazakhstan Global Investment Roundtable екінші халықаралық дөңгелек үстелінің қатысушыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сілтеме жасап.
Үкімет басшысы IDEMIA компаниясының вице-президенті Франсуа Перрашонмен, UAE International Investors Council шетелдердегі эмираттық инвесторлар кеңесінің бас хатшысы Д. Сейф әл-Джарванмен, Decathlon Kazakhstan бас директоры Ж. Антониомен және SAJ Invest басқарма төрағасы Х. М. С. әл-Делайганмен кездесті.
Кездесу барысында МЖӘ жобаларын қаржыландыру, инвестиция салынатын жобаларға ақпараттық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды, сонымен қатар экономиканы цифрландыру саласында ынтымақтастық орнату мүмкіндіктері қаралды.
Атап айтқанда, IDEMIA компаниясының вице-президенті Ф. Перрашон биометриялық сәйкестік бойынша жобаларды іске асыруға (биометриялық төлқұжаттар шығару мүмкіндігіне), сонымен қатар ЖҚЕ бұзуды тіркеу, адамның бет-әлпетін тану, бейнебақылау және сараптау жүйелерін енгізуді қамтитын Қазақстан өңірлері үшін тұжырымдаманы әзірлеуге қызығушылық танытты.
Ф. Перрашон сонымен қатар әуе жолаушыларының бірыңғай деректер базасын құру Қазақстан үшін басымдықты жобалардың бірі ретінде қарастырылатынын айтты.
Премьер-Министр Қазақстан заңнамасына МЖӘ жобаларын қаржыландыру көздерін құру үшін жаңа жинақты құруға қатысты өзгерістер енгізу мәселесі ҚР Үкіметінде жуырда қарастырылатынын атап айтты.
2006-2011 жылдары компания дербестендіру жүйесін, жеке куәліктер мен төлқұжаттар бланкілерін жеткізіп, ҚР азаматтарының жеке басын куәландыратын ұлттық құжаттарды жеткізу бойынша мемлекеттік келісімшартқа сәйкес «ноу-хау» жеткізді.
Бүгінгі таңда Idemia Identity&Security France (Securetech Corporation қазақстандық компаниясымен Консорциумде) ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетімен серіктестікте МЖӘ қағидаты бойынша Интерпол деректер базасымен және ҚР Бас прокуратурасының базасымен кіріктірілген әуе жолаушыларының (ішкі және халықаралық рейстер) бірыңғай деректер қорын құру бойынша бірыңғай жобаны іске асырып жатыр. Қазіргі кезде компания ҚР Ұлттық экономика министрлігінің жоба МЖӘ туралы заңға сәйкес келетіні жайлы оң қорытындысын күтіп отыр, сонымен қатар ҚР Үкіметі қазақстандық заңнамаға МЖЭ жобасын қаржыландыру көздерін құру үшін жаңа алымға қатысты өзгерістер енгізуін күтеді.
Д. Сейф әл-Джарван екіжақты кездесу барысында компания БАӘ инвесторларының Қазақстан аумағындағы жобаларға қатысуын ұлғайтуға ниетті екенін жеткізді. Инфрақұрылымдық және ауыл шаруашылығы жобалары, азық-түлік өнімдерін өндіру ерекше қызығушылық тудырады. Сонымен қатар экспортқа бағдарланған экологиялық тамақ өнімдерін өндіру мәселесі де қызықты.
Бүгінгі таңда БАӘ кеңеске кіретін Mubadala, DP World, Majid Al Futtaim, Al Khaleej Sugar және басқа да ірі инвесторлары Қазақстанда жобаларды жүзеге асыруда. БАӘ Халықаралық инвесторлар кеңесінің құрамына 6 министрлік, сонымен қатар 20 астам ірі холдинг кіреді.
«Decathlon Kazakhstan» бас директоры Жером Антониомен кездесуде ҚР Премьер-Министрі инвестициялық саладағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
Жером Антонионың айтуынша, 2018 жылы компания Алматы қ. «Decathlon» компаниясының алғашқы дүкенін ашудан бастап ҚР нарығына шығуға ниет білдірген. Талқылау барысында тараптар Қазақстанда дүкендер желісін ашу сапалы тауарлар ассортиментін ұлғайту тұрғысынан ғана емес, өндірісті жергіліктендіру мен жаңа жұмыс орындарын құру тұрғысынан да маңызды деген ортақ байлам жасады.
Айта кетерлігі, Decathlon - спорттық тауарлар шығарып, өндірумен және оларды бөлшек сатумен айналысатын ірі француздық компания. Компания иелігінде жиырмадан астам тауарлық белгі бар. компания әлем бойынша 1000 астам дүкенді бақылайды, оның 300 - Францияда.
SAJ Invest басқарма төрағасы Хусам Мұхамед Салах әл-Делайганмен кездесу аясында Saj Invest-пен АӨК саласында, атап айтқанда, ұнтақ ботқасын өндіру және таяу шетелдерге одан әрі экспорттау бойынша өндірістік қуаттылықтарды арттыруға қатысты ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.
Сонымен қатар Хусам Мохамед Салах әл-Делайган компанияның туризм саласындағы инвестициялық жобаларға қызығушылық танытатынын білдірді. Оның айтуынша, SAJ Invest «Бурабай Даму» ЖШС-мен бірлесіп Бурабай курортын дамыту аясында Ақмол облысында 50 коттедж салуды жоспарлап отыр.
Айта кетерлігі, SAJ Invest - Сауд Арабиясы Корольдігінде тіркелген, корпоративтік қаржыландыру және инвестициялауға маманданған. SAAJ отбасылық кеңсесі тобына кіреді. Компанияның иесі - әл-Делайган отбасы.