Сағынтаев Ішкі істер министрлігіне Универсиада кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Үкіметінің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Алматыда өтетін 28-ші Бүкіләлемдік қысқы Универсиадаға байланысты бірқатар мемлекеттік органға нақты тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сағынтаев Ішкі істер министрлігіне Универсиада кезінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды

«Бүгінгі баяндамалардан білгеніміз, Алматы қаласы Бүкіләлемдік қысқы Универсиада ойындарын өткізуге негізінен дайын. Универсиада ірі спорттық сайыс қана емес, сонымен бірге еліміздің абырой-беделіне қатысы бар маңызды шара. Сол себептен де Алматы қаласы әкімдігі қабылдап жатқан  кейбір мәселелерге алматылықтар түсіністікпен қарайды деп ойлаймын. Ол енді уақытша ғана кемшіліктер болуы мүмкін», - деген Үкімет басшысы бұл байрақты бәсекенің жоғары деңгейде өтуіне бәріміз атсалысуымыз қажеттігін атап өтті.

Сонымен қатар Премьер-Министр бірқатар нақты тапсырмалар берді.

«Алматы қаласының әкімдігі Инвестициялар және даму министрлігімен және өзге де мүдделі мемлекеттік органдармен бірге көліктік-логистика мәселелерін, Универсиаданың жаңа нысандарының қауіпсіздік талаптары мен стандарттарына сай жұмыс істеуін тағы бір тыңғылықты пысықтауы тиіс. Ішкі істер министрлігі адамдар жаппай жиналатын нысандардағы, қонақ үйлер мен қоғамдық орындардағы, қоғамдық көліктердегі  өрт қауіпсіздігі жай-күйіне бақылауды күшейтуі қажет. Жалпы, ІІМ-ге қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырамын», - деді Сағынтаев.

Үкімет басшысы Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне ақпараттық-имидждік жұмыстарға баса назар аударуды жүктеді. Ал Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне Универсиада кезінде медициналық қызмет көрсетуге айрықша мән беру тапсырылды.