Сағынтаев: Қазақстан барша әлемнен таланттарды шақырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан барша әлемнен талантты адамдарды іздеуді бастады. Бұл туралы бүгін Астана экономикалық форум аясындағы Инновациялық саммит барысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сағынтаев: Қазақстан барша әлемнен таланттарды шақырады

Үкімет басшысының атап өтуінше, базалық салалардың бәсекеге қабілеттігін арттыра отырып, оның ішінде отын-энергетикалық кешенді ескере келе, Қазақстанға экономикалық өсімнің жаңа моделін дамыту қажет. Бұл тұрғыда ең алдымен, инновация мен технологияға мән беріледі.

«Біздің экономикалық өсім моделіміз базалық салалардың технологиялық қайта жарақтануына негізделетін болады деп айтқан кезде барша әлемнен талантты жастарды бірлесіп іздеуді меңзейміз. Қазіргі кезде осы бағытта күрес жүріп жатыр. Жақында Оңтүстік Кореяда форум жарияланғанын, оған барша елдер шақырылатынын, гранттар бөлініп, тиісті жағдай жасалатынын оқыдым. Өздеріңіз білесіздер, аталған ел бізге қарағанда айтарлықтай алысқа кеткен. Осы бағытта біз де бүгін бағдарламалар әзірлеудеміз, сондай-ақ қажетті жағдай жасалып, гранттарды бөлеміз. Қазақстанға барша әлемнен таланттарды шақыратын боламыз»,-деді Сағынтаев.

Оның пайымынша, жоспарланған шаралар іске асырылған кезде еліміздегі талапты әрі талантты жастар мемлекетті алға жетелейтін болады.

Айта кетейік, бүгін басталған Астана экономикалық форумына 100 елден 4 мың делегат қатысуда. Олардың арасында саясаткерлер, экономистер, қаржылық ұйымдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.