Сағынтаев қылмыспен күресте ақпараттық технологияларды қолдану керектігін айтты

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев заң бұзушылықтардың алдын алу және анықтау үшін ақпараттық технологияларды қолдану керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сағынтаев қылмыспен күресте ақпараттық технологияларды қолдану керектігін айтты

Қала әкімі Instagram -дағы парақшасында цифрландырудың қылмыспен күресте ең тиімді құрал екенін жазды.

«Тиімді қоғамдық қауіпсіздік, ең бастысы құқық бұзушылықтың алдын алу үшін адамдар көп жиналатын орындарға бейнебақылау жобаларын енгізудеміз. 2019-2020 жылдары 1 мың бейнекамера орнатылды, 103 осындай камера цифрлық форматқа ауыстырылды, ПД-нің жедел басқару орталығы жаңарды және бақылау орталығы құрылды»,– деп жазды Б. Сағынтаев.


Б. Сағынтаевтың айтуынша, жалпы Алматыда бюджеттік бағдарламалар бойынша, жеке ұйымдар мен мемлекеттік-жеке әріптестік аясында орнатылған 120 мың бейнебақылау камерасы пайдаланылуда. Сыртқы бейнебақылау жүйесінің көмегімен 6 мыңға жуық қылмыс ашылды. «Сергек» бейнекамералары 1,4 млн бұзушылықты тіркеді.


«Барлық автобустарда орнатылған бейнекамералардың арқасында қалта ұрлығы 2 есе азайды. Сонымен қатар, қоғамдық көлікте ұрлық жасаған 85 қылмыстық топ әшкереленді», – деп атап өтті Алматы әкімі.

Сонымен қатар, ол барлық бақылау жүйелерінің дерекқорын интеграциялау және жасанды интелект қолдану Алматыда қылмыстың төмендеуіне қол жеткізуге мүмкіндік беретінін айтты.