Сағынтаев мәслихаттың рөлін арттыруды ұсынды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев Конституция күніне арналған салтанатты жиында қалалық мәслихаттың рөлін арттыру қажеттігі туралы мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімнің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сағынтаев мәслихаттың рөлін арттыруды ұсынды

Қала әкімінің пікірінше, әсіресе, бюджетті қабылдау және қаражаттың жұмсалуын бақылау процесінде мәслихаттың рөлі арту керек.

Осы мақсатта шаһар басшысы «Nur Otan» партиясының филиалы жанынан әлеуметтік-экономикалық мәселелерді қарау жөніндегі азаматтық комитет құруды ұсынды.
Қала тұрғындары осы комитетке келіп, сұрақтарын қоя алады. Өз кезегінде комитет мемлекеттік органдармен бірлесіп, мәселенің шешу жолдарын қарастырып, олардың орындалуын бақылайды.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қала әкімдігі Қазақстанның Азаматтық альянсымен және жергілікті белсенді ҮЕҰ-мен бірлесіп, мегаполистің азаматтық қоғамымен өзара іс-қимыл тұжырымдамасын әзірлеуде.
Сондай-ақ, барлық мүдделі тараптармен талқыласу үшін Urban-форум алаңы құрылады. Қала халқы, ҮЕҰ өкілдері, девелоперлер, инвесторлар, стартап-жобалардың бастамашылары, медиа және сараптамалық қауымдастық өкілдері қаланы одан әрі дамыту және алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыру мәселелерін талқылайды.