Сағынтаев мемлекеттік органдарға азаматтарды анықтама соңынан жүгіруден арылтуды тапсырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік органдарға азаматтарды анықтама соңынан жүгіруден арылтуды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекет басшысы «Азаматтар үшін Үкімет» жобасын құру барысында адамдардың анықтама соңынан жүгірмеуін тапсырған болатын. Өйткені, қызметтерді мемлекет көрсеткеннен кейін бұл анықтамалар бірінші кезекте біздің өзімізге қажет. Егер жүйе жұмыс істейтін болса, онда біз өзіміз бірыңғай жүйе ішінен қажетті барлық ақпараттарды жинауымыз керек. Қазір анықтаманың 5 түрі бойынша ғана 23 млн. қағаз берілгені айтылды. Яғни, бұл ретте де біздің мемлекеттік органдар бір-бірімен жұмыстарын үйлестірмеген», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Сонымен қатар Премьер-Министр бала бақша мен жер телімін бөлу кезегіне қатысты мәселелерге тоқталды.
«Қазіргі уақытта жергілікті жерлерде жер телімі, балабақша мәселелеріне назар аударылып отыр. Оларды бөлумен әкімдіктер айналысады. Біздің корпорация арқылы балабақша орындарын бөлуде дұрыс жұмыс істей алсақ, онда халық риза болар еді. Яғни, мәселе ашық шешіледі және халық әімдіктердің комиссияларына барып жүрмейді», - деді ол.
Сағынтаев адамдар балабақшаларды үйлеріне жақын жерден алуына да мүмкіндік туатынын баса айтты.
«Кезекті күнделікті онлайн режімде қадағалап та отыруға болады және машина өзі іріктеп алады. Бұл өте маңызды тақырып», - деді Үкімет басшысы.