Сағынтаев Министрлер кабинетіне бірқатар тапсырмалар жүктеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев министрлерге бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Сағынтаев Министрлер кабинетіне бірқатар тапсырмалар жүктеді

Үкімет отырысы барысында, бизнесті қолдау құралдарын одан әрі жетілдіру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік қолдану тетіктерін енгізу бойынша тапсырмалар берілді.

"Ұлттық экономика министрлігіне, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне, мүдделі мемлекеттік органдармен бірге жұмыспен қамтуды ынталандыру тетіктерін дамыту бойынша ұсынысты Үкіметке енгізуді тапсырамын. Оның ішінде, шағын несиелендіру бағдарламасына, оның ішінде ауыл адамдарын несиелендіруге маңыз беру қажет. Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігіне әкімдермен бірге азаматтардың еңбек мобильділігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шараларды қабылдауды жүктеймін. Білім және ғылым министрлігіне түлектерді тегін кәсіптік білім беру бағдарламасын мерзіміне сәйкес жүзеге асыруды қолға алсын. Ұлттық экономика министрлігі әкімдермен бірге МЖС тетіктерін белсенді қолдану шараларын қабылдасын", - деді Премьер.

Сонымен қатар ол барлық мемлекеттік органдар және олардың ведомстволық ұйымдары қайта инвентеризациядан өткізілуін бұйырды.

"Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы 11 министрлікте 371 ведомстволық ұйым барын айтты. Мұншама ұйымның қажеті бар ма?! Олардың әкімшілік шығындарына ғана былтыр 119 млрд. теңге жұмсалды. Бұл өте көп қаражат. Бұл тек орталық мемлекеттік органдар бойынша. Әкімдіктерде тағы 6500 ұйым бар. Алайда жекешелендірудің кешенді бағдарламасы аясында сатылымға тек 416 нысан қойылды. Бұл тек жалпы көлемнің 6%-ы ғана. Сондықтан Қаржы министрлігіне және Ұлттық экономика министрлігіне инвентеризация мәселесіне өте қатаң қарауды тапсырамын. Қандай ұйым қажет, қандай ұйым жекеменшік үлеске кете алатынын анықтау қажет. Осындай жұмысты әкімдіктер өздерінде жүргізулері шарт", - деп атап өтті Б. Сағынтаев.