Сағынтаев мұнайға қатысты уағдаластық бойынша экономиканың жақсаратынын болжап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың пайымынша, әлемде мұнай өндіру көлемін қысқарту туралы уағдаластыққа байланысты экономикадағы жағдай жақсара түседі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

«Өткен сенбіде Венада ОПЕК-ке мүше емес елдер мұнай өндіру көлемін төмендету туралы уағдаласқанын көрдік, оның ішінде біз де тәулігіне 20 мың баррельге дейінгі көлемді бекіттік. Бүгінде баға 57 долларға дейін жетіп отыр. Бұл өз кезегінде ахуалдың жақсаруы тұрғысында бізді үміттендіріп отыр. Осы орайда алдағы жыл ағымдағы жылға қарағанда табысты болатынына сенім артамыз»,-деп тоқталды Б. Сағынтаев Үкімет отырысында.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 10 желтоқсанда Венадағы кездесуден кейін мұнай бағасы өсуі мүмкін екенін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев айтқан болатын. 

«Қазақстан алты айға мұнайды өндірудің көлемін қысқарту жөніндегі мұнай өндіретін елдердің ұмтылыстарын қолдайды. ОПЕК елдерінің бастапқы жарты жылға өндіруді 3-4 пайызға жуық шектеу  туралы қабылдаған шешімі мұнайға бағаның 17 пайызға өсімін берді. Егер қазір 10 желтоқсан күні ОПЕК-ке мүше емес елдер тиісті шешім қабылдайтын болса, онда мұнай бағасы ары қарай өсетінін болжап отырмыз. Бұл өз кезегінде Қазақстанның, сондай-ақ мұнай өндіретін компаниялардың табысына қолайлы әсер етеді»,-деді Бозымбаев. Министрдің пайымынша, мұнай өндіруді шектеу Қазақстан үшін проблемалар тудырмайды.

Естеріңізге сала кетейік, 2016 жылдың 10 желтоқсанында Венада ОПЕК-ке мүше емес елдердің кездесуі өтті. ОПЕК мұнай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Венаға ұйымға мүше емес 14 мемлекеттің өкілдерін шақырды. Сонымен қатар ағымдағы айдың басында ҚР Энергетика министрлігі Қазақстан әлемдік мұнай қауымдастығының мұнайды өндірудің көлемін қысқарту жөніндегі ұмтылыстарын қолдайтынын мәлімдеген болатын.  

Соңғы жаңалықтар