Сағынтаев «Нұрлы жол» бойынша қаржыны игермеген әкімдерді «сілкілеп» алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында игерілмеген қаржы үшін облыс әкімдерін бір «сілкілеп» алды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сағынтаев «Нұрлы жол» бойынша қаржыны игермеген әкімдерді «сілкілеп» алды

Министрлердің баяндамаларынан кейін Премьер-Министр облыс әкімдерінен жеке-жеке жауап алды. Алдымен, Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагин есеп берді. Себебі Бұланды ауданында инженерлік желілерді тартуға бөлінген 900 млн. теңге игерілмей қалды.

Облыс әкімі Кулагиннің сөзіне қарағанда, аталған қаржы жылдың соңында бөлінген. "Ақшаның жалпы сомасы - 1,1 млрд. теңге. Ол ақшаны үш лотқа бөліп, конкурс өткіздік. Біріншісі - су құбырлары жүйесі, 411 млн. теңге. Екінші лот - кәріз жүйелері, 300 млн. теңге. Ал үшінші лот - ол энергетика. Бірінші лот бойынша конкурсты бірден өткізіп, қарашаның орта шенінде тиісті жұмыстарды бастадық. Екіншісі бойынша конкурсты екі рет өткіздік. Желтоқсан айында кәріз жүйесін тартуды бастадық. Ал үшінші лот бойынша конкурсты екі рет өткізсек те, қаржылық бақылау қызметі жұмысты бастауға жол бермеді. Енді, ақша кеш бөлінді...", -  деді Кулагин.

Үкімет басшысы ондай жауапқа қанағаттанған жоқ. "Негізі, қаржылық бақылау қызметі тексере ме, конкурсты уақытында өткізбеді ме, оның бәрі xалықты түртіп отырған жоқ. Ең бастысы, ақша бөлінді, ол игерілмей қалды. Соның салдарынан xалыққа тиісті жағдай жасалмады. Бәлкім, аймақтар жылдың соңында ақша сұраса, оны мүлдем бермеген дұрыс болар. Жылдың аяғында миллиард теңге бөлудің қандай пайдасы бар? Бәрібір конкурстың өтпейтінін, бақылаушы органдарының тексеріс жасайтынын білеміз. Одан да келесі жылға қалдырайық та", - деп атап көрсетті Сағынтаев.

Осыдан кейін Қостанай облысының әкімі Арxимед Бекежанұлы игерілмей қалған 300 млн. теңге бойынша есеп берді. Ол да Кулагин сияқты қосымша қаржыны бөлгені үшін өз алғысын білдіріп, алдағы уақытта бюджет ақшасын уақытында игерілетінін жеткізіп бақты.

Оған шыдай алмаған Сағынтаев: "Екі облыс әкімінің айтқанынан түсінгенім, ақшаның игерілмей қалғанына мен кінәлі екенмін. Өйткені мені алдын ала ескерткен, маған баяндама жасаған. Енді, не үшін жауап алып отырсыңдар дегенге келтіріп жатыр. Ақшаны игере алмасаңдар, онда оны мүлдем сұрамаңдар. Маған алдын ала келмей-ақ қойыңдар, алдын ала ескертпесеңдер де болады. Мұны барлығына айтып отырмын", - деді Премьер-Министр.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ерік Сұлтанов та өз баяндамасын судыратып жөнелгенде Үкімет басшысы: "Болды, болды, Ерік Хамзенұлы! Тура өлең оқығандай отырсыз ғой. 208 млн. теңгені игере алмай отырсыз, енді тағы уақыт сұрап жатырсыз", - деді.

Облыс басшысы жауап бере бастаған еді, Үкімет басшысы оны тыңдамай, Қарағанды облысының әкімін жауапқа тартты. Нұрмұxаммед Әбдібеков те барын салып, ақталуға тырысты. Оны тыңдап шыққан  Үкімет басшысы қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа шүйлікті. "Мен түсінбеймін, теxникалық-экономикалық негіздемені, жобалық-сметалық құжаттарға өзгеріс енгіземіз деп, құрылыс жұмыстарын қалай тоқтатуға болады? Бақыт Тұрлыxанұлы, ондай жобаларға қалай ақша бөлуге болады? Ақшаны алып алады да, түзету жасауға кіріседі. Президент сізге ескерту жасады ғой. Қатаң талап қойыңыз!", - деді Премьер-министр.

Бақыт Тұрлыxанұлы "Құп болады!" деп қысқа ғана қайырды.

Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев болса, игерілмей қалған 300 млн. теңгені наурызға дейін қайтаруға уәде етті. Павлодар облысының әкімі де ақшаны қайтаруға дайын. Дегенмен, Үкімет басшысы екі әкімді де бір «сілкілеп» алды. "Жасағаныңыз дұрыс, қайтарғаныңыз одан да жақсы. Алайда игерген кезде заңға сәйкес игеру керек. Заң бұзушылық болмау қажет!", - деп қадап айтты.