Сағынтаев республикалық меншіктегі нысандарды жекешелендіру жөнінде кеңес өткізді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев республикалық меншіктегі ірі нысандарды жекешелендіру мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Сағынтаев республикалық меншіктегі нысандарды жекешелендіру жөнінде кеңес өткізді

Кеңес барысында республикалық меншіктегі он екі нысанды, сондай-ақ «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ үш ірі нысанын және «ҚазАгро» АҚ үш нысанын бәсекелі ортаға беру бойынша 2016-2020 жылдарға арналған жол карталарын іске асыру барысы талқыланды.

Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр мемлекеттік органдарға және ұлттық басқарушы холдингтерге ТОП нысандар бойынша нақты тәсілдемелер әзірлеуді жеделдетуді тапсырды.

Еске салсақ, Жекешелендірудің 2014-2020 жылдарға арналған жоспарына сәйкес бәсекелі ортаға беруге жекешелендірудің екінші толқынының 1 040 нысаны ұсынылады, оның ішінде 2014-2017 жылдарға 718 нысан, олардың 400-і өткізілді.