Сағынтаев Семей қаласы әуежайының қайта жөндеу жұмыстарымен танысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан Семей қаласының халықаралық әуежайының қайта жөндеу жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Үкіметтің сайты .
None
None

Облыс әкімінің орынбасары С. Ақтанов ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевқа аэродромның қайта құру жұмыстарының барысы туралы айтып берді. Оның аясында ұшып-қону жолағы 2,7 км-ден 3,3 км-ге дейін ұзартылатын болады, жаңа апаттан құтқару стансасы тұрғызылады және коммуникацияның барлық түрі алмастырылады. Бұдан өзге, Б. Сағынтаевқа әуежайдың қауіпсіздік жүйесінің жұмыстары туралы есеп берілді.

Айта кету керек, Семей қаласының әуежайы транзиттік бағдарлар үшін өте қолайлы географиялық жерде орналасқан және қайта құру жұмыстарынан кейін жүк лайнерлерінен бастап, кез-келген ұшақ түрлерін қабылдай алатын болады. Бүгінгі таңда әуе айлағы жылына шамамен 70 мың адамға қызмет көрсетеді.

Үкімет басшысы бұдан кейін Семейдегі ЖЭО-1 мекемесін қайта жөндеу жұмыстарын тексереді, «Назарбаев зияткерлік мектебінің» бөлімшесіне барады, сонымен қатар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелерін талқылау мақсатында қала жұртшылығымен кездесу өткізеді.

Жұмыс сапары барысында Премьер-Министр ҚР Президентінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауының аймақтағы ірі өнеркәсіптік-индустриалдық және ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында, денсаулық сақтау және білім беру нысандарында жүзеге асырылу барысымен танысады.

Еске сала кетсек, кеше Б.Сағынтаев Ақтоғай тау-кен байыту комбинатына, Өскемен арматура зауытына, Үлбі металлургия зауытына, майлы дақылдар тәжірибелік шаруашылығына, көз микрохирургиясы емханасына және Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне барды. 

Соңғы жаңалықтар