Сағынтаев сертификаттау туралы: Артық қыламыз деп, тыртық қыламыз

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азық-түлік емес тауарларға сертификат беру қызметі мемлекеттік бақылауға қайта берілуі мүмкін. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Сертификаттарды заң бұзушылықпен беріп отырған мекемелер негізінен бизнес саласында. Өткен жылдың желтоқсан айында «Атамекен ҰКП-ның төралқа жиынында да айтып өттік. Көп мәселеде бизнеске жеңілдік бердік және мемлекеттік қызметтердің көпшілігін бизнестің өз тарапынан жүргізуге мүмкіндік жасадық», - деп атап өтті Үкімет басшысы.

Осы ретте Бақытжан Сағынтаев Азық-түлік емес тауарларға сертификат беретін субъектілердің қызметін қоғамдық ұйымдар өз қадағалауына алуы тиістігін айтты.

«Сертификаттау мәселесіне қоғамдық ұйымдар тарапынан бақылау жүрмесе, мемлекет тарапының бақылауы алынып тасталатын болса, онда Үкімет пен «Атамекен» (ұлттық кәсіпкерлер палатасы-авт) қайтадан бірлесіп, қызметтердің кейбір түрлерін мемлекеттік бақылауға қайтаруы қажет. Біз оны қазақша айтқанда «артық қыламыз деп, тыртық қылып» отырмыз. Осы мәселені қарауымыз керек. Шындығына келгенде кейбір мәселелерде тәуекелдерді басқару жүйесі жұмыс жасамайды», - деді ҚР Премьер-Министрі.

Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының төрағасы Абылай Мырзахметов азық-түлік емес тауарларға сертификат беретін субъектілерге мемлекеттік бақылауды күшейту қажеттігін айтқан болатын.

Соңғы жаңалықтар