Сағынтаев Шымкентте оңтүстік халқын солтүстікке көшіру мәселесін көтерді
Отырысқа еліміздің бірқатар министрлері мен Астана және Алматы қалаларының, солтүстік облыстары әкімдерінің орынбасарлары, аудан-қала әкімдері мен басқарма жетекшілері қатысты.
Жиында алғаш сөз алған Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев оңтүстік өңірінде кәсіпкерлікті дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, атаалған саланы қолдау мәселесін атап өтті.
«Оңтүстіктің халқы іскер, оларды үйретудің қажеті жоқ. Тек қана жұмыстың жобасын көрсетсең, өздері алып кетеді. Облыстың өзін-өзі қамтамасыз етуге мүмкіндігі жоғары. Бау-бақшаны дамыту саласы бойынша да шаруаны алға қарай алып кете алады. Кәсіпкерлікті дамыту үшін беріліп жатқан көмектер жеткілікті ма, қосымша заңдарды қайта қарастырып, сол арқылы көмек қажет па, сол жағын қарастыруымыз керек», - деді Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ, Үкімет басшысы оңтүстік халқының солтүстік облыстарына көшу мәселесіне де тоқталды. Бұл бағытта жүйелі жұмыстардың атқарылу барысын сөз еткен Бақытжан Сағынтаев көшіп барған азаматтарға жер беру, оларды тұрақты жұмыспен, баспанамен қамту қажеттігін атап өтті. Әсіресе, іскерлік қабілеті жоғары шаруалар мен кәсіпкерлерді жіберу керектігін тілге тиек етті.
«Оңтүстікте жер жетпесе, солтүстікте жер көп. Еңбек етіп тірлік жасаймын дегендерге мүмкіндіктер де көп. Кәсіпкерлерге айтарым, солтүстіктен кәсіп ашып, бизнес ашуға болады. Жастар онда барып, кәсіптік жоғары білім алғанымен ауылдарына қайтқысы келіп тұрады. Ал, есейген адам санасымен кетіп бара жатқан соң, орнығып еңбек етуге әрекет етеді. Сондықтан кәсіпкерлерді де жіберу керек», - деді Үкімет басшысы.
Премьер-Министр бұл ретте жиынға қатысқан Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген әкімдік қызметкерлерінен оңтүстіктен солтүстікке көшіп барғандардың бүгінгі жағдайы мен тағы қандай көмектер қажеттігін сұрады.