Сахалинде «доңыз тұмауынан» адам өлімі тіркелді
АСТАНА. Қарашаның 10-ы. ҚазАқпарат - Ресейдің Корсаков қаласында қарашаның 5-інде пандемиялық тұмаудан 18 жастағы бойжеткен қайтыс болды - ол Сахалиндегі осынау қатерлі тұмаудың алғашқы құрбаны,
деп хабарлады «РИА «Новости» агенттігіне облыстың денсаулық сақтау департаментінен.
Дерек көздің айтуынша, оның өліміне денсаулық сақтау органдарына кеш келуі себеп болған.
«Корсаков орталық аудандық ауруханасына бойжеткен жоғары температурамен және өкпе қабынуымен түсті. Ауруын өткізіп алғандықтан, дәрігерлер оған көмектесе алмады», деп хабарлады департамент өкілі.
2009 жылдың шілде және қараша айларында Сахалинде A/H1N1 тұмауын жұқтырудың 120-ға жуық оқиғасы тіркелді.