Сахна сыртындағы OVO: әлемдік шоу қалай дайындалады
АСТАНА. KAZINFORM – Әлемге әйгілі Cirque du Soleil циркі Қазақстанда OVO шоуын ұсынады. Қойылымдар 4–7 маусым аралығында Астанада, ал 11–14 маусым күндері Алматыда өтеді. Қазақстандағы премьера қарсаңында цирк ұжымы журналистерге сахна сыртын көрсетіп, әлем бойынша 10 миллионнан астам көрермен тамашалаған шоудың қалай дайындалатынын таныстырды.
Сахнадағы 53 әртістің артында кімдер тұр
Көрермен назары көбіне әртістерге ауады. Алайда OVO – ондаған маманның еңбегі тоғысқан ауқымды жоба.
Cirque du Soleil-дің ресми өкілі Жани Малленің айтуынша, OVO шоуының гастрольдік құрамында 53 әртіс бар. Техникалық мамандарды қосқанда команданың жалпы саны жүзге жуықтайды. Бұған қоса, әр қалада жергілікті қызметкерлер де жұмысқа тартылады.
– 2026 жылы Cirque du Soleil әлем бойынша 17 түрлі шоу ұсынады. OVO – солардың бірі. Қазақстанда дәл осы қойылым көрсетіледі. Шоудағы барлық кейіпкер жәндіктер әлемінен алынған. Сондықтан әртістер көбелекке, өрмекшіге, инелікке және басқа да жәндіктерге айналады, – деді Жани Малле.
Қазақстан OVO шоуын қабылдап отырған 47-елге айналды. Алғаш рет 2009 жылы сахналанған қойылымды осы уақытқа дейін әлем бойынша 10 миллионнан астам көрермен тамашалаған.
Қойылым құрамында әлемнің 25 елінен келген 53 әртіс өнер көрсетеді. Олар 17 тілде сөйлейді. Соған қарамастан сахнада бір мақсатқа жұмылған команда ретінде жұмыс істейді.
Жани Малле атап өткендей, қойылымның сахналық келбетін жасауға шамамен 200 тігінші мен шебер қатысады. Олар әр кейіпкердің киімін әзірлеп қана қоймай, гастроль кезінде олардың күтіміне де жауап береді.
Бір шоу үшін екі жүк ұшағы қажет
OVO барған жеріне тек әртістерді ғана емес, қойылымға қажетті барлық жабдықты бірге алып жүреді. Декорациялар, реквизиттер, жарық және дыбыс құрылғылары екі жүк ұшағымен тасымалданады. Гастрольдік құраммен бірге қойылымның техникалық жабдықтары да көшіп жүреді. Оның ішінде бес кір жуатын машина бар.
OVO шоуының әртісі, әуе гимнасы Артур Дудовтың айтуынша, сахнаны толық құрастыруға шамамен 12 сағат қажет.
– Қойылым басталғанға дейін үлкен жұмыс атқарылады. Жабдықтар жеткізіледі, сахна құрастырылады, барлық жүйе тексеріледі. Көрермен соның нәтижесін ғана көреді, – деді Артур Дудов.
Оның сөзінше, қойылымның үздіксіз өтуін 47 техникалық маман қамтамасыз етеді. Бұған жергілікті қызметкерлердің еңбегі де қосылады.
Жәндіктер әлеміне құрылған қойылым
OVO португал тілінен аударғанда «жұмыртқа» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан жұмыртқа өмірдің басталуын бейнелейтін негізгі символ ретінде алынған.
Оқиға жәндіктер әлеміне тап болған шыбынның төңірегінде өрбиді. Жаңа орта, жаңа таныстықтар және махаббат хикаясы көрерменді қиялға толы әлемге жетелейді.
Жәндіктер әлемін көрсету үшін сахналық безендіруге ерекше көңіл бөлінген. Кеңістік әр көріністе өзгеріп отырады. Бір сәтте орманды елестетсе, келесі сәтте үңгірді немесе жұмбақ мекенді көз алдыңызға әкеледі.
Сахнадағы ең ерекше құрылымдардың бірі – көп деңгейлі қабырға. Әртістер оның үстімен қозғалып, ішіне кіріп, акробатикалық нөмірлер орындайды. Сахналық көріністі гибискус гүлдері, ірі қызғалдақтар мен түрлі өсімдік бейнелері толықтырады.
Қойылымдағы негізгі бейнелердің бірі – көбелек. Әуе гимнастары Артур Дудов пен Эсмира Кулиева осы кейіпкерлерді сомдайды. Олардың айтуынша, акробатикалық қимылдар арқылы көбелектің жеңілдігі мен нәзіктігін жеткізуге тырысады.
Жеті музыкант және жанды әуен
OVO шоуының тағы бір ерекшелігі – жанды музыка. Қойылым барысында жеті музыкант өнер көрсетеді. Музыкалық шығармалардың негізіне бразилиялық әуендер алынған. Сондықтан соқпалы аспаптардың үні ерекше орын алады.
– Музыка қойылымның ажырамас бөлігі. Жарқын ырғақтар мен соқпалы аспаптардың үні OVO әлемінің ерекше атмосферасын қалыптастырады, – деді Жани Малле.
Бұл шоуда музыка сахнадағы әрекетке бейімделіп отырады. Сондықтан музыканттар, вокалист және дыбыс мамандары қойылым бойы өзара байланыста жұмыс істейді. Музыканттар сахна сыртында орналасқанымен, әртістер мен көрермендерді көріп отырады.
OVO шоуының әртісі, әуе гимнасы Эсмира Кулиеваның айтуынша, олардың нөмірі ең нәзік жаратылыстың өзі батыл әрі қайсар бола алатынын көрсетуге арналған.
– Біздің нөмір шамамен алты минутқа созылады. Бірақ сол бірнеше минуттың артында ұзақ дайындық жатыр. Макияж жасауға екі сағатқа жуық уақыт кетеді. Бас киім мен костюмді дайындаудың да өз қиындығы бар, – деді Эсмира Кулиева.
Эсмира Кулиева Cirque du Soleil құрамына үш ай бұрын қосылған. Дегенмен цирк өнерінде жүргеніне 17 жыл болған. Ол Киевтегі эстрада-цирк академиясын тәмамдап, әлемнің әр түкпірінде өнер көрсеткен.
– Cirque du Soleil құрамында жұмыс істеу менің көптен бергі арманым еді. Қазір сол арманым орындалды. Әр қойылым алдында толқимын. Бұл жауапкершілікті сезінуге және жинақы болуға көмектеседі, – деп бөлісті ол.
Оның айтуынша, көрермендерді әсерлі акробатика, жанды музыка, ерекше сахналық көрініс пен көз тартарлық костюмдер күтеді.
Қазақстандағы арена әлемдік деңгейге сай
Артур Дудов Қазақстандағы жағдайға жоғары баға берді.
– Әлемнің көптеген елінде өнер көрсеттік. Кейбір ареналардың деңгейі әртүрлі болады. Ал Қазақстанда көргеніміз халықаралық талаптарға толық сай келеді, – деді ол.
Әртістің айтуынша, Астана да ерекше әсер қалдырған. Гастрольдік құрам қаладағы бірнеше мәдени және туристік нысанды аралап үлгерген.
Астанадағы көрсетілімдерден кейін OVO алғаш рет Алматыға жол тартады. Кейін гастрольдік сапар Германияда жалғасады.
Қазақстандағы тур аясында барлығы 14 қойылым жоспарланған. Ұйымдастырушылардың болжамынша, оларды 70 мыңнан астам көрермен тамашалайды.
1984 жылы құрылған Cirque du Soleil бүгінге дейін әлемнің 86 елінде өнер көрсетіп, 400 миллионнан астам көрермен жинаған. Қазір компания құрамында 80-нен астам ұлт өкілдері еңбек етеді. Жалпы қызметкерлер саны 4 мыңнан асады, оның ішінде 1 200-і әртіс.
OVO-ның ерекшелігі тек акробатикалық нөмірлерде емес. Мұнда театр, музыка, цирк өнері мен күрделі техникалық шешімдер бір арнаға тоғысқан. Сондықтан көрермен бірнеше сағаттық әсерлі шоу тамашалағанымен, оның артында жүздеген адамның еңбегі мен ұзақ дайындық тұрғанын аңғара бермейді.
Айта кетейік, Қазақстанның цирк әртістері халықаралық фестивальдің жеңімпазы атанған еді.