Сахнадағы 70 жыл: Бүгін — Асанәлі Әшімовтің туған күні

АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін — абыз тұлға Асанәлі Әшімовтің туған күні. Көзі тірісінде-ақ аңыз адамға айналған сахна саңлағы «Бүгін LIVE» бағдарламасына онлайн байланысқа шығып, сұхбат берді. 

Асанәлі Әшімов
Фото: Қызылорда облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы

— 88 деген оңай жас емес. Туған күніммен халқым, достарым құттықтап жатыр, рақмет. Туған күніңіз деп құттықтап жатқан халқыма ризамын. Таң атқалы телефонға тыныштық жоқ, — деді актер.

Өнердің ақсүйегі бұған дейінгі сұхбаттарының бірінде Абай мен Кенесарының рөлін сомдағысы келетінін айтқан еді. Актер тоқсанға таяса да киноға түсуге әлі де дайын екенін айтады.

— Өнер жолына келгеннен кейін өміріміз соңына дейін өнермен өтті ғой. Сондықтан жақсы материалдар болса, жақсы режиссура болса, мен киноға түсуге әр уақытта дайынмын, — дейді ол.

Асанәлі Әшімов алғашында актер болуды қаламаған екен. Тіпті арман қуып Алматыға келгенде де алдымен Ауыл шаруашылығы институтына оқуға тапсырыпты.

— Ауылдың баласы болған соң, басында сол Ауыл шаруашылығы институтына келгенмін. Актерлік деген тіпті ойда да жоқ еді. Асқар Тоқпанов Мәскеуден оқуын бітіріп келіп, сол жылы консерватория жанынан бір бөлімше ашты. Кездейсоқ сол бөлімшеге тап болдық. Бұл ойламаған жерден болды. Әйтеуір оқуға түсіп, бір оқуды оқуға тура келді. Ата-анам айтқан соң, Алматыда қалу керек болды. Солай тағдыр мені осы жолға айдап келді. Бұл салаға келгеніме өкінбеймін. Бірақ басында онша құлықты болмадым. Махаббатпен келген жоқпын. Бірақ қазір махаббатпен кетіп бара жатырмыз ғой. Өнерді сыйлап, өнердің ұлы екенін түсініп, қазір соның соңында жүрміз, — дейді өнер иесі.

70 жылға жуық ғұмырын өнер саласына арнаған актер қазақ киносының бүгіні мен болашағына баға берді.

— Қазір заман өзгерді. Біз әрқашан оптимистпіз. Жақсы жағдайлар болатын шығар деген үміттемін. Қазір талпынып келе жатқан жастар бар. Бір жоғары, бір төмен түсетін уақыт болады ғой. Өнер деген — сол. Сондықтан мен келешек жастарға сенемін. Қазір өнер өзгеріп, алға қарай талпынып, ізденіп келе жатқан кез ғой. Сондықтан қазіргі жастар бұрынғы ұлылар салып кеткен даңғыл жолды қуып, соны негізге ала отырып өссе, өнсе бәрі жақсы болады. Мен соған тілектеспін. Жастар өткенін, тарихын ұмытпау керек. Өнердің үлкен жолы бар екенін естен шығармаулары қажет. Сонда көп нәрсе орындалады, — дейді қазақ киносының алып тұлғасы.

Өнер абызы бүгінге дейін «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір жүрдек пойызы», «Ән қанаты», «Жаушы», «Нан дәмі», «Қазақы оқиға», «Сіз кімсіз, К. мырза?» және «Бұлғарлар туралы баян» фильмдері арқылы қалың көрерменнің жүрегіне жол тапқан. Ол өзі түскен туындыларды бөліп-жармайтынын айтады. Десе де, жүрегіне жақын жобаларын да тізіп берді.

— Менің 5 балам болды. 5 баламның әрқайсысын да бірдей жақсы көремін. Сондықтан менің іштен туған шығармаларымның бәріне де күшім, жүйкем жұмсалды. Сондықтан мынау жақсы, мынау жаман деп айта алмаймын. Бірақ соның ішінде іріктеліп, халықтың алдына көп барған — «Қыз Жібектегі» Бекежан, «Атаманның ақырындағы» Шадияр. Өзім түскен фильмдерден алға шыққаны да сол — «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір жүрдек пойызы» ғой. Менің трилогиям — осылар, — дейді аңыз адам.

Айта кетейік, бірнеше күн бұрын Қызылордада Асанәлі Әшімовтің қатысуымен халықаралық театрлар фестивалі өткен еді

Соңғы жаңалықтар