Саиров: «AMANAT» партиясының миссиясы – заңсыз алынған ұлттық байлықты мемлекетке қайтару
Ол қазіргі уақытта мемлекетке Болат Назарбаевтың еншілес компанияларына тиесілі Маңғыстау облысында 239 мың гектар, Жамбыл облысында 60 мың гектар жер мемлекетке қайтарылғанын атап өтті. Бұған дейін Бас прокуратурамен бірлесіп жүргізілген жұмыс барысында Болат Назарбаевқа тиесілі жалпы аумағы 244 гектар болатын 59 жер телімі анықталған еді.
«АMANAT» партиясының Қоғамдық алаң ретінде әрбір азаматтың еншісі болып табылатын ұлттық байлықты мемлекетке қайтару басты миссиясы деп білеміз! «Бармақ басты, көз қыстымен» жымқырылған халық ырыздығын қайтару жұмысын жүйелі жүргіземіз. Мәртебелі фамилияға, «бұрынғы еңбегіңізге», қалтаңыздың қалыңдығына қарамаймыз. Халықтың меншігіне қол салдыңыз ба? Қайтарасыз. Алмақтың да салмағы бар және ол ауыр», - деді Ерлан Саиров.
Кеңес мүшелері соңғы үш жылда Астана қаласындағы жергілікті атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмысты талдады. Көрсетілген кезеңде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 203 сыбайлас жемқорлық қылмысты тіркеді. Олардың негізгі бөлігі парақорлық – 147, ұрлық – 47 және лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланудың 9 фактісі тіркелді.
Кеңес төрағасының орынбасары Ғалым Байтоқ атап өткендей, жергілікті атқарушы органдардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жұмысында формализм орын алуда.
«Елордадағы жергілікті атқарушы органдардың жүктелген міндетті орындау кезіндегі жауапкершілігі төмен екенін атап өту қажет. Астана қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және мемлекеттік басқаруды дамыту жөніндегі істердің жай-күйін зерделеу барысында Кеңестің жұмыс тобы сұратқан ақпаратты Алматы ауданының әкімдігі және құрылыс басқармасы мүлдем бермеген», - деді Ғ.Байтоқ.