Сақ киностудиясының мультфильмдері балаларға тегін көрсетіледі

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында елордада Оңтүстік Қазақстан облысының мәдени күндері басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Үш күндік шара аясында астаналық балғындарға Оңтүстік Қазақстанның тарихи-киелі жерлерін насихаттайтын мультфильмдер көрсету жоспарланған.

null«Биыл Астана әкімдігі жылдағыдай өңірлерді арнайы шақырған жоқ. Десе де, ОҚО әкімдігі бастама көтеріп, елорда халқына үш күн бойы мәдени шараларды ұсынады. Оқушылар сарайында және қаладағы бірқатар балабақшаларда «Сақ» киностудиясы түсірген анимациялық фильмдердің көрсетілімі өтеді. Өткен жылы бұл студия «Күш атасы - Қажымұқан», «Отырарды қорғау», «Киелі Қазығұрт» атты 3 анимациялық фильм мен 10 сериялы «Көне жетіген сыры» телехикаясы түсірген болатын. Жыл басында бұл жобалар Оңтүстік Қазақстан облысының барлық аудан-қалаларында көрсетілді, дискілері таратылды. Енді елордалық балаларға тарту ретінде әкеліп отырмыз», - деді ОҚО Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан Оқушылар сарайында өткен анимациялық фильмдер көрсетілімінде.

null«Отырарды қорғау» фильмінде аңызға айналған көне Отырар қаласының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті екі баланың хикаясы арқылы суреттеледі. Ал «Киелі Қазығұрт» - Нұқ пайғамбар кемесінің Қазығұртқа тоқтауы туралы аңызды баяндайды. Мультфильмдерді «Балапан» телеарнасы арқылы барша республика балаларына көрсету жоспарланған.

Бұдан бөлек, 2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен «Төле би» 10 сериалы кинохикаясын, «Түркістан», «Оқсыз оқиғасы», «Ордабасы - бірліктің туы» атты анимациялық фильмдер түсіріліп жатыр. Төрт жоба да жыл соңына дейін аяқталып, көрермен назарына ұсынылмақ.

nullӘкімдік өкілінің айтуынша, Астанадағы ОҚО мәдени күндері аясында 19 маусымда Конгресс Холл фойесінде үлкен кешенді көрме ұйымдастырылады. Кешкі 19:00-де «Асқақтай бер, Астана» атты оңтүстікқазақстандық өнер шеберлерінің мерекелік концерті өтеді. Сонымен бірге, 20 маусым күні Этноауылда «Шарықтай бер, Оңтүстіктің әндері-ай» үлкен мерекелік концертпен мәдени шаралар легі жабылады.

null Айта кетейік, Сақ киностудиясы «Томпақ», «Қалқанқұлақ» сериалдарымен, «Қазақ елі», «Теке мен Қошқар» анимациялық фильмдерімен танымал. Бүгінге дейін киностудия 60-қа жуық анимациялық және 6 толықметражды фильм түсірген.

Соңғы жаңалықтар