Сақ жазуларын оқуға арналған әдістеме жасалуда - Қаржаубай Сартқожаұлы

«Тас бетіндегі сақ дәуірінің жазулары табылуда. Бүгінге дейін, яғни соңғы үш жылдан бері Моңғол Алтайынан сақ дәуірінің жазуларын таптық. Биыл үш дана жазу тауып әкелдік. Бұл жазуларды енді оқу керек»,-деп тоқталды ғалым.
Оның сөзіне қарағанда, еліміздегі Есік қорғанынан табылған жазулар да сақ дәуіріне жатады.
«Бірақ оны ғалымдар Орхон-Енисей жазбалары ережесімен оқымақшы болды. Бұл оған келмейді. Сондықтан арнайы әдістемені жасау керек. Біз сол әдістемені жасау үстіндеміз. Келешекте бұл жазуды оқуға мүмкіндік шығар деген ойдамын», - деді Қ. Сартқожаұлы.
Сонымен қатар ол Астанада ашылатын Хакаси және Алтай петроглифтеріне арналған көрмеде көптеген еңбектер бар екенін атап өтті. Бүгін елордада Қазіргі заман өнерінің «Шежіре» галереясының ұйымдастыруымен Ресей ғылым және мәдени орталығында жартасқа жазу өнері бойынша көрме ашылады. Онда петроглифтердің көшірмесі, яғни эстампаждық әдіспен қағазға басылған түрі жұртшылық назарына ұсынылмақ.
Бұдан бұрын, яғни биылғы 16 қыркүйекте Қаржаубай Сартқожаұлының Моңғолия Республикасына жасаған ғылыми іс-сапары кезінде Сақ жазуы байырғы түрік бітіг (руна) жазуының алғашқы үлгісі екені анықталғанын хабарлаған болатынбыз. «Моңғол Алтай жотасының тау сілемдерінен ежелгі сақ (скиф) дәуірінің 3 дана жазу үлгісін тауып әкелдік. Бұл артефакт - әлемде бірінші мәрте табылып отырған құндылық. Бұған дейін Сақ, Ғұндардың жазуы болғаны туралы тарихи құжаттарда ақпарат сақталғанымен қандай жазу екені анықталмаған еді. Енді міне байырғы түрік бітіг (руна) жазуының алғашқы үлгісі екені анықталып, Сақ (Скиф) дәуіріндегі жалғасқан рухани сабақтастық Көк түріктерге жалғасқаны дәлелденіп отыр», - деді сол кезде Еуразия ұлттық университтінің профессоры Қ.Сартқожаұлы.