«Сақалды» құрылыстар бюджетті теспей сорып жатыр – Мәжіліс депутаты

АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков Парламент палаталарының бірлескен отырысында «сақалды» құрылыс мәселесіне пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сақалды» құрылыстар бюджетті теспей сорып жатыр – Мәжіліс депутаты

«Құрылыстың нормативтік мерзімі сақталмайды. 2022 жылы мердігерлердің шарттық міндеттемелерді орындамауы салдарынан 18,1 млрд теңге игерілмей қалды. Мысалы, Қарағанды қаласында құны 6,1 млрд теңге деп есептелген 200 орындық облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылысы 2013 жылы басталған. Мердігерге қойылған талаптарға байланысты жұмыс 4 жылға кешікті. Салдарынан жұмыс құны 2 еседен астам өсіп, 12,5 млрд теңгеге жетті», - деген Ұласбек Сәдібеков елордадағы жылу электр орталығының проблемасына да тоқталды.

«Ал Астана қаласындағы сапасыз жоспарланған №3 жылу электр орталығының құрылысы 65 айда бітуі керек болатын. Құрылысы 2010 жылы басталған объект биылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша әлі аяқталмай отыр. Сөйтіп, жобаның құны 86,8 млрд теңгеден 122 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Республикалық бюджет бағдарламаларының әкімшілері бюджет қаражатының тек игерілуін ғана бақылау практикасынан алшақтап, жергілікті атқарушы органдардың жобаларды іске асыруын бақылау мен мониторингтеуді күшейтуге баса назар аударуы қажет», - деді депутат.