Сақардан сабын қайнатады: ШҚО-лық әже жасаған табиғи сабынның емдік қасиеті мол

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында тұратын Бибәтима Ыбырайханның ұлттық әдіспен сабын жасап жүргеніне жарты ғасырдан асқан. Сақар сабын кірді жақсы кетіріп, беттегі безеуге, қол-аяқ жарасына ем болады. Жасы жетпіске таяған әженің сабынына еліміздің түкпір-түкпірінен тапсырыс беретіндер көп, деп хабарлайды Kazinform.

сабын
Фото: Б. Ыбырайханның жеке мұрағатынан

Бибәтима Ыбырайхан Зайсан ауданы Қайнар ауылында тұрады. Сабын жасаудың ұлттық әдісін шешесінен үйренген. Биыл 67-ге толды, ал сақардан сабын қайнатып жүргеніне 51 жыл болған.

«Ол кезде 16 жаста едім. Анамыз сабын жасаудың қыр-сырына қанықтырды. Бұрын қазіргідей ұнтақ деген болмады ғой. Кірді де сабынмен жуатынбыз, - дейді. - Сабын жасау әдісіне тоқталар болсақ, әуелі алабота шөбін шауып, жинаймыз. Одан кейін оны өртеп, күлін суға қайтатамыз. Содан шығатын ақ ұнтақ сақар деп аталады. Сақарға сиыр немесе қой майын қосып 1 сағаттай қайнатқан соң қалыпқа салып қатырып қоямыз. Сөйтіп сабын да дайын болады».

Табиғи сабынның емдік қасиеті мол. Мәселен, жаңа туған шақалақты қырқынан шыққанша үзбей сабын қосылған суға шомылдырса талай аурудың алдын алады. Ыстығы көтерілсе сабынды шекесіне, құлақтың алдына, екі өкпесіне жағу керек. Сонда ыстығы дереу басылады.

«Кейбір адамдарда басы қышып, шашы түсіп жатады. Сонда басты осы сабынмен жуу керек. Аллергияға да жақсы. Беттегі безеуге, қол-аяқ жарасына ем болады. Айта берсең көп. Ешқандай қоспа жоқ, таза өнім болғандықтан пайдасы зор. Мал жарасына жағуға да келеді», - дейді Бибәтима Ыбырайхан.

Тас сияқты қатты сабын су тисе жылдам еріп, жұп-жұмсақ болады. Бетіне күтім жасайтын әйелдер осы сабынмен жуынғаннан кейін бет терісінің жұмсарып, ажарланып қалатынын айтады екен. Көлік жөндейтін азаматтар болса, майланған қолды дүкеннің сабыны дұрыс тазартпайтынын, ал сақардан жасалған осы сабынның майды дереу кетіретінін айтыпты.

«Сабын жасауға 2 сағаттай уақыт кетеді. Бір жасағанда 30 сабын шығады. Тапсырысқа байланысты жасап тұрамын. Қазір май қымбаттап кеткендіктен өзім де бағаны көтердім. Бір сабын – 2000 теңге. Егер 30 сабыннан жоғары алса, онда 1500 теңгеден сатамын», - дейді сабын жасаушы.

Қайнар ауылында жасалатын сабынға облыстағы қала, ауыл халқынан бөлек Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтөбе қалаларынан тапсырыс түсіп тұрады. Көбі 50 сабыннан сатып алады екен. Әже сабынды оларға пошта арқылы салып жібереді.

«Ешқай жерге жарнама жасамаймын. Интернет дегенді мүлде білмеймін. Халық бір-бірінен естіп, хабарласып жатады. Маған осындағы екі ұлым көмектеседі. Оларға да сабын қайнатуды үйреттім. Жалпы өзімнің 9 балам бар. 24 немере, 2 шөбере сүйіп отырмын», - дейді Бибәтима Ыбырайхан.

сабын
Фото: Б. Ыбырайханның жеке мұрағатынан