Сәкен Қалқаманов Арыстағы өрт туралы: Наурыз тұрғындары қауіпсіз аумаққа көшкені дұрыс

None
None
АРЫС. ҚазАқпарат – Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов Арыс қаласына қарасты Наурыз шағынауданының тұрғындарын қауіпсіз аумаққа көшуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәкен Қалқамановтың Facebook парақшасындағы мәліметтерге қарағанда, өртенген вагондарда 33 тонна сары фосфор болған. Қазіргі таңда өрт оқшауланды, алайда өртенген аумақтан әлі түтін шығып жатыр. Түтін Арыс қаласының Наурыз шағынауданына қарай тарап жатыр.

Сәкен Қалқаманов сары фосфордың қаупіне байланысты жергілікті тұрғындарды аймақтан қауіпсіз жерге кетуге шақырды.

«Қазір біз Наурыз ауданындағы аулаларды аралап, тұрғындарды қауіпсіз жерге кетуге шақырып жатырмыз. Сары фосфордың түтіні өте қауіпті. Сондықтан Арыс тұрғандарын билік өкілдерінің өтінішін назарға алып, денсаулығы мен жақындарын сақтандыруға шақырамын»,-деді әкімнің орынбасары.

Айта кетейік, бүгін Арыс станциясында шамамен кешкі сағат 18:30-дар шамасында Жамбыл облысынан Ресейге жөнелтілген фосфор салынған екі контейнер өртенді.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тіркемеде барлығы 64 вагон болған.

Төтенше жағдаймен күреске 35 қызметші, ТЖД-нің 6 техникасы, 11 жұмыскер, 1 дана техника мен «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның өрт сөндіру пойызы жұмылдырылған. Сондай-ақ осы жұмыстармен полицияның 60 қызметкері мен 9 техникасы, 8 әскери қызметші мен Қорғаныс министрлігі 4489 әскери бөлімінің 2 техникасы қатысып жатыр. Оған қоса санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының 3 қызметшісі мен 1 техникасы бар.


Соңғы жаңалықтар