«Сәкен Сейфуллин» энциклопедиясының тұсаукесері болды
Бұл еңбек Қарағанды қалалық «Болашақ» университетінің Орталық Қазақстан гуманитарлық институтының бастамасымен жарық көріп отыр. 9 бөлімнен тұратын энциклопедияға сәкентанушы ғалымдардың еңбектері, ақынның өмірі және қоғамдық қызметіне қатысты тың пікірлер мен тарихи мәлімметтер енгізілген. Сондай-ақ аталмыш энциклопедияға С. Сейфулиннің жазушы, ақын, ірі қоғам қайраткері, дарынды драматург ретіндегі сан қырлы таланты мен мәні мен мазмұны терең мұрасынан сыр шертетін құнды деректер жинақталған.
«Болашақта Қазыбек би мен қазақтың ұлы ойшылы Бұқар жырау мұрасы жайындағы құнды деректерге негізделген 2 жаңа энциклопедия жарыққа шықпақ», - деп мәлімдеді «Сәкен Сейфуллин» энциклопедиясының бас редакторы, «Болашақ» университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.
Айта кетейік, Қарағанды қаласындағы «Болашақ» университеті Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орай халқымыздың ұлы тұлғаларының мұрасын насихаттау мақсатымен энциклопедиялық кітаптарды жарыққа шығару жобаларын қолға алған болатын. «Сәкен Сейфуллин» энциклопедиясы сол игі бастаманың бір айғағы.