Сакраментода Наурыз мейрамын тойлады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кордова ранчосында (АҚШ, Калифорния штаты, Сакраментоға жақын маңда) Наурыз мейрамы кең көлемде аталып өтті.
River Bend Park-те Наурызды атап өту үшін 60-тан астам адам жиналған. Ақсақалдар және ұйымдастырушылар - Рашид Сапарғалиев пен Ердан Нүсіпов жиылғандарды мейраммен құттықтап, бейбітшілік, жақсылық тіледі.
Кейін Сан-Франциско-дан келген Торбия апа мен Баян апа тілегін айтып, сөз сөйледі. Жиылғандардың ішінде қазақтармен бірге орыстар және америкалықтар болды.
Ұлттық киім киген Торбия апа, Бахот апа мен Марал апа белгілі қазақ әндерін өздері шығарған сөздермен орындады. Жас әнші Қайрат домбыраның сүйемелдеуімен ән шырқады.
Мерекелік шараға «Болашақ» бағдарламасы бойына білімін жетілдіріп жүрген қазақстандық журналистер Гүлназ Әлімгерей мен Нұрділда Ораз, сонымен бірге журналист Марат Сейсекенов қатысты.
Шара соңында қазақтың ұлттық тағамдары қойылған дастархан жайылып, түрлі ұлттық ойындар ойнатылды.