Сақтандыру компаниялары киіктен зардап шеккен шаруалармен жұмыс істеуге құлықсыз
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында киіктен зардап шеккен шаруаларға арналған сақтандыру өнімі неге әзірленіп бітпей жатқанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Вице-министрдің айтуына қарағанда, егіс алқаптарына, жайылымдар мен шабындықтарға киіктен келген залалды сақтандыру бағытында арнайы өнім жоқ.
«Бүгінгі таңда, министрлік «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-мен жұмыс жүргізіп отыр. Акицонерлік қоғам өз кезегінде мәселені «Агросақтандыру Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігімен пысықтап жатыр. Аталған қауымдастықтың ақпараты бойынша, сақтандыру компанияларының киіктердің егістікті, шабындықтар мен жайылымдарды зақымдауынан тәуекелдерді сақтандыру бағытында өнім әзірлеуі мүмкін болмай отыр. Бұл адам факторының әсер ету қаупінің жоғары болуы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдері, осы процесті әкімшілендірудің күрделілігі, әлемдік тәжірибеде және қолданыстағы заңнамаларда осы бағыттағы залалдарды сақтандыру өнімінің болмауы, сапалы статистика және қажетті инфрақұрылым (метеостанция) қажеттігіне байланысты», - деп жазылған жауапта.