Сақтандыру тақырыбындағы VI Халықаралық ғылыми-тәжірибелік байқау қорытындылары жарияланды

«Еуразия» Сақтандыру компаниясы ұйымдастырған байқауға Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры мен Қазақстан ЖОО қауымдастығы қолдау көрсетті. Жоба мақсаты елімізде сақтандыру индустриясын дамытып, қабілетті студенттер арасынан сақтандыру нарығына қажетті білікті мамандарды даярлау болып табылады.
Байқау өткен жылғы қазан мен желтоқсан айлары аралығында жүргізілген. Оған Қазақстанмен бірге, ТМД-ның басқа да мемлекеттері ЖОО-ның студенттері, магистранттары және аспиранттары қатысқан. «Еуразия» СК» АҚ басқарма мүшесі, атқарушы директоры Қуаныш Дәуітовтың айтуынша, өткен жылы 300 жоба қатысқан болса, биыл байқауға 500-ден аса жоба келіп түскен.
Қорытынды бойынша, «Сақтандыру бизнесіндегі Хай-тэк» аталымы бойынша бас жүлдені 150 мың теңге стипендиямен «Тұран» университетінің студенті Ұлпан Елжанова жеңіп алған. «Сақтандыру өнері» аталымында ҚМЭБИ студенттері Ярослав Васицкий пен Андрей Гриненко бірлескен жұмыстары үшін 100 мың теңгенің екінші орынын иеленсе, «Сақтандыру әлеміне ашылған терезе» аталымында Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенті Әлия Ақанова және «Тұран» университетінің студенті Кәмила Нұржаевалар 50 мың теңге жүлдесімен үшінші орынды иеленген.
Сонымен қатар, биылдан бастап «Еуразия» СК» АҚ байқауда көзге түскен үздіктердің арнайы құрылған Сақтандыру инженериясы зертханасында тәжірибеден өтуге жағдай жасап отыр.