Сальвадор стадионына кіреберісте кептеліп қалған 12 жанкүйер қаза тапты

САЛЬВАДОР. ҚазАқпарат - Жергілікті билік мәліметінше, Сальвадор астанасы Сан-Сальвадордағы футбол стадионында кем дегенде 12 адам қаза тапқан. Бұл жайында ҚазАқпарат BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Сальвадор стадионына кіреберісте кептеліп қалған 12 жанкүйер қаза тапты

Оқиға Cuscatlán стадионында жергілікті Alianza және Санта Ананың Fas командасы арасындағы матч кезінде болды. Ойын ортасынан тоқтатылды.

Президент Найиб Букеле мұндай оқиға бұрын-соңды болмағанын, егжей-тегжейлі тергеу басталғанын мәлімдеді.

Полиция бұған дейін қайтыс болғандардың арасында жеті ер адам мен екі әйел бар деп мәлімдеген. Оның барлығы 18 жастан асқан.

Кіреберіс есік жабылғаннан кейін сыртта қалған жанкүйерлер жаппай стадионға кіруге ұмтылған. Содан кейін осындай кептеліс пайда болған.

Биліктің мәліметінше, кейбір жанкүйерлер жалған билет сатқан болуы мүмкін, тергеу мұның рас-өтірігін анықтайды.

Жергілікті БАҚ жариялаған кадрлардан жанкүйерлердің стадионның кіреберісіндегі кедергілерді бұзу үшін жанталасып жатқанын көруге болады.

YouTube-тегі тікелей эфирден трибунада тәртіпсіздік басталғаннан кейін матч тоқтатылғаны көрініп тұр.

Басқа кадрларда құтқарушылар адамдарды зембілге салып әкетіп бара жатыр. Сондай-ақ, жанкүйерлердің жерде жатқан адамдардың бетін футболкамен желпіп, тыныс алуына көмектесіп жатқан көріністер бар.

«Лек-лек болған жанкүйерлер жойқын көшкін секілді қақпаны бұзып өтті, - дейді Rescue Commandos жедел көмек тобының еріктісі. - Кейбіреулер туннельдегі үйіндінің астында қалып қойды. Тағы біреулер трибунаға, содан кейін алаңға кіріп үлгерді, бірақ ауа жетпей тұншығып жатты».

Президент Букеле командалар, менеджерлер, стадион шенеуніктері, футбол лигасы және Сальвадор футбол федерациясының іс-әрекеті мұқият зерделеніп, тергелетінін айтты.

«Кінәлі кім болса да, ол жазасыз қалмайды», - деді ол Twitter-де.

Зардап шеккендерге көмектесу үшін құтқару қызметін тартуға тура келді.

Сондай-ақ, шенеуніктер жарақат алған 90 шақты адамға медициналық көмек көрсетілгенін хабарлады.

«Сальвадордың азаматтық қорғанысы» ұйымының қызметкері Луис Алонсо Амаяның айтуынша, 500-ге жуық адам медициналық көмек алды, оның көпшілігін ауруханаға жеткізуге тура келді.

Денсаулық сақтау министрі Франциско Алаби жараланғандардың көпшілігінің жағдайы тұрақты екенін және ауруханалардан өлім-жітім туралы хабарланбағанын айтты.

Сальвадор футбол федерациясы жексенбідегі бүкіл ұлттық футбол ойындарын кейінгі қалдырды және марқұмдардың отбасына көңіл айтты.