Салалық құрылымда ең үлкен жалақы кен өндіру өнеркәсібінің еншісінде
Атаулы жалақы индексі 2012 жылғы наурызға 108,2, ал нақты жалақы индексі 101,3 пайыз болды. Бұл туралы ҚР Статистика агенттігінің мәліметтерінде хабарланды.
Салалық құрылымда ең үлкен жалақы кен өндіру өнеркәсібі мен карьерлерді қазуда - 221,1 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2 есеге асады), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте - 206,0 мың теңге (1,9 есе), сондай-ақ қаржы мен сақтандыру қызметінде 188,4 мың теңге көлемінде (1,7 есе) белгіленді. Ең төменгі жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығы қызметкерлерінде (48,6 мың теңге), бұл ел бойынша орта көрсеткіштен 55,4 пайызға төмен.
Өңірлік бөліністе ең жоғары жалақы Маңғыстау облысында белгіленді - 208,0 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 1,9 есеге асады. Солтүстік Қазақстан облысында мұның шамасы 72,6 мың теңгені құрады, осы көрсеткіш ел бойынша орташа деңгейден 33,3 пайызға төмен.