«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы СҚО тұрғындарын қабылдауды бастады
ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Солтүстік Қазақстан облысына жетті. Айдың соңына дейін жол бойындағы әр станцияға тоқтап, білікті мамандар өңір жұртшылығын қабылдап, тегін тексерістен өткізбек.

СҚО-да медициналық пойыз аялдаған алғашқы жер - Тимирязев ауданындағы Ақсуат стансасы. Бүгін дәрігерлер Жамбыл ауданындағы Қайранкөл стансасында жұмыс істеп жатыр. Қайырымдылық жобасы аясында тұрғындар медициналық тексерістен өтіп, тәжірибелі мамандардың кеңесін алады.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы неміс және жапондық қондырғылармен жабдықталған. Бұл жалпы және биохимиялық талдаулар, рентгенография және флюорография, ішкі органдар мен тамырларды ультрадыбыстық зерттеу, электрокардиограмма, гастрофиброскопия, диагностикалық зерттеулердің басқа да түрлерін жүргізуге мүмкіндік береді. Зерттеу толық тегін жасалып, нәтижесі сол жерде бірден белгілі болады.
Тұрғындарды хирург-травматолог, окулист, отоларинголог, невропатолог, стоматолог, кардиолог, гинеколог, педиатр, психолог, жалпы практика дәрігері қабылдайды. Қажет болған жағдайда құқықтық, медиативтік көмекті тегін көрсететін кәсіби медиатор мен заңгер де бар.
Дәрігерлер таңғы сағат 9.00-ден, бір сағат түскі үзіліске кетіп, сағат 18.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр. Тұрғындарды сақтандыру мәртебесіне және тұрғылықты жеріне қарамастан кезекпен қабылдайды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, медициналық пойыз 28 шілде күні Тайынша станциясына тоқтайды, 29 шілдеде Тайынша ауданындағы Чкалов станциясында болады. 30 шілде күні Ақжар ауданындағы Дәут станциясына жетсе, 31 шілдеде Қызыл Ту станциясында Уәлиханов ауданының тұрғындарын күтеді.
Бұған дейін СҚО-да жарты жылда өндірісте жазатайым оқиғадан 17 адамның жарақат алып, екеуінің мерт болғанын жазған едік.