«Саламатты Қазақстан» Түркістан облысының қай ауылдарына аялдайды

медпоезд
Фото: ptrk.kz

 «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы қараша айында Түркістан облысына тоқтайды, деп хабарлайды Kazinform.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Түркістан облысына қараша айының 4-нен бастап 17-іне дейін тоқтайды. Онда шалғай жерлерде орналасқан станция тұрғындары білікті медицина мамандарынан тегін кеңес пен ем алуға мүмкіндіктері бар.

Атап айтсақ, терапевт, стоматолог, офтальмолог, ЛОР дәрігері, хирург, уролог, невропатолог, гинеколог мамандар халыққа қызмет көрсетеді.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы заманауи диагностикалық және медициналық жабдықтармен, шағын операциялық бөлме, зертхана, интернетке сымсыз қосылуға арналған байланыс құралдарымен жабдықталған.

Әлеуметтік жобаның мақсаты – ел аймақтарының шалғай станцияларында тұратын азаматтарына тегін медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік (татуласу) көмек көрсету.

Медициналық пойыз 4 қараша - Сауран ауданы Шорнақ елдімекені (Күншағыр), 5-6 қараша - Отырар ауданы Шойтөбе елдімекені (Ақшоқат), 7 қараша - Отырар ауданы Темір елдімекені (Қарақоңыр), 9 қараша - Арыс қаласы (Шағыр), 11 қараша - Ордабасы ауданы Бадам елдімекені (Бадам), 17 қараша - Түлкібас ауданы Састөбе елді мекендеріне (Ынтымақ) тоқтайды.

Азаматтарды қабылдау уақыты: сағат 09.00-18.00 

Пойыз демалыссыз жұмыс істейді.

Түскі үзіліс: 13.00-14.00.

Соңғы жаңалықтар