«Саламатты Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ҚР Үкіметі жанындағы денсаулық сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өтті
АНА. 24 маусым. ҚазАқпарат. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында 24 маусымда Астанада ҚР Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекованың төрағалығымен Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы денсаулық сақтау жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы болып өтті.
Жиынға мемлекеттік органдар және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.
Кеңес отырысында туберкулез, АҚТҚ/ЖҚТБ ауруларымен күрестегі сектораралық өзара іс-әрекет мәселелері және оларды шешу жолдары, сондай-ақ пенитенциарлық жүйедегі туберкулез, АҚТҚ/ЖҚТБ дертіне шалдыққан науқастарға көрсетілетін медициналық қызмет көрсетуді жақсарту перспективалары талқыланды.
Соңғы 5 жылда Қазақстанда туберкулезбен ауыру 32,4% төмендесе (100 мың адамға шаққанда 2005 жылы 147,3 болса, 2010 жылы 95,3 құрады), осы кезеңде туберкулезден болған өлім-жітім көрсеткіші 49,0% азайды (100 мың адамға шаққанда 2005 жылы 20,8 болса, 2010 жылы 10,6 құрады).
Кеңесте пенитенциарлық жүйедегі эпидемиологиялық жағдайды жақсарту мәселелері қарастырылды.
«Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында медициналық құралдарды жаңарту арқылы өңірлік туберкулезге қарсы ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексі шеңберінде республикада нормативтік құқықтық база жетілдірілді.
Соңғы жылдары туберкулезге қатысты бірлескен нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, ақпаратты уақытылы беру, қылмыстық атқару жүйесі мекемесінен босап шыққан емі аяқталмаған науқасты туберкулезге қарсы ұйымдарға диспансерлік есепке алу бойынша сектораралық өзара іс-әрекет бойынша іс-шаралар елеулі түрде күшейтілді. Өңірлерге бірлескен мониторингтік іссапарлар жасалып, эпидемиологиялық бақылау шаралары атқарылуда.
Науқастарды емдеудің тиімділік көрсеткіштерін жақсартуда оларға көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың маңызы зор. Әкімдіктер 2010 жылы туберкулезге шалдыққан 19000 науқасты әлеуметтік қолдауға 216,5 млн. теңге қаржы бөлді, оның 58% төрт өңірге - Павлодар, Ақмола облыстары, Астана және Алматы қалаларының үлесіне тиеді.
Өткен жылы республика бойынша 720 орынға есептелген санаторий түріндегі қосымша 8 мектепке дейінгі мекеме ашылды.
Республикада АҚТҚ инфекциясына қатысты эпидемиологиялық жағдай тұрақталып, қазіргі таңда 0,17% деңгейінде сақталуда. Соңғы жылдары эпидемияға қарсы жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде АҚТҚ инфекциясына қатысты жаңа жағдайлардың тіркелуі бойынша төмендеу үрдісі байқалады. 2008 жылмен салыстырғанда 2010 жылы АҚТҚ инфекциясы дертіне шалдығу көрсеткіші 15% төмендеді. Антиретровирустік терапия енгізілгелі елімізде АҚТҚ инфекциясына шалдыққан адамдардың өмір сүру ұзақтығы артып, жалпы өлім-жітім 1,5 есе азайған.
Кеңес отырысының қорытындысында қатысушылар мемлекеттік және денсаулық сақтаудың ведомстволық қызметтерінің өзара белсенді іс-әрекеті арқылы пенитенциарлық жүйедегі туберкулез және АҚТҚ/ЖҚТБ дертіне шалдыққан науқастарға көрсетілетін медициналық қызмет көрсетуді жақсарту және эпидемиологиялық ахуалдың сапасын көтеруге қатысты ұсыныстарды қабылдады.