«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы бүгін Приишимка стансасына келеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қостанай облысының тұрғындарына біліктілігі жоғары дәрігерлердің көмегі қолжетімді болады. Приишимка бекетіне «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы» әлеуметтік жобасын «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Денсаулық сақтау министрлігінің қатысуымен, «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен ынтымақтастықта жүзеге асырып отыр.
Биыл Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен алғаш рет азаматтардың мемлекеттік әлеуметтік қолдау, зейнетақы, жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және атаулы әлеуметтік көмек алу құқығын қорғау мәселесі бойынша тегін консультация беріліп келеді.
Сонымен қатар, шалғай аймақ тұрғындары тегін медиативті және заңгерлік көмек ала алады.
Медициналық пойыз Приишимка станциясына бүгін 19:44-те жетеді. 20 шілде кешкі 19:50-ге дейін тұрып, сапарын жалғастырады.
Медициналық пойыздың бағыты медициналық кабинеттері жоқ аймақтарды қамтиды.
Осылайша, биыл шалғайдағы елді мекен тұрғындары терапевт, стоматолог, офтальмолог, хирург, уролог, маммолог, педиатр және басқа да салалар бойынша тегін тексеруден өтіп, емделуге мүмкіндік алды.
Пойыз заманауи диагностикалық және емдік жабдықтармен, ультрадыбыстық, флюорографиялық аппаратпен, шағын операциялық бөлмемен, зертханамен жабдықталған. Одан бөлек, сымсыз интернет байланыс құралдарымен қамтылған.
Бұған дейін медициналық пойыз Жетісу облысында болған еді.
Дәрігерлер Көксу, Қалпе, Лепсі, Ақтоғай, Бескөл станцияларының тұрғындарына жоғары білікті медициналық көмек көрсетті. Облыс бойынша медициналық тур Достық станциясында аяқталды.
Жетісу облысынан кейін медициналық пойыз Шығыс Қазақстан облысына бағыт алды.
Дәрігерлер Жарма, Ертіс зауыты, Тишинская, Ермаков, Таусамалы, Алтай, Күмістау, Шар, Белағаш және Суықбұлақ станцияларының тұрғындарына медициналық көмек көрсетті.
Айта кетейік, 26 сәуірде Алматы-2 станциясынан басталған «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 6 желтоқсанға дейін жүреді.
Медициналық пойыздың қазіргі кестесі медицина пункттері жоқ шалғай станцияларды, азаматтар мен мемлекеттік органдардың сұранысын ескере отырып жасалды.