«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы солтүстік өңірлерге жетті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат –«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы бүгін Солтүстік Қазақстан мен Ақмола облысына жетіп, Еркіншілік стансасының тұрғындарын қабылдауды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Фото: gov.kz

«Саламатты Қазақстан» мамандандырылған медициналық пойызы Солтүстік Қазақстан облысы мен Ақмола облысында өз жұмысын бастады. 17 тамыз бен 9 қазан аралығында жылжымалы емхана 16 стансаға тоқтап, тұрғындарды қабылдамақ. Жұмыс уақыты таңғы сағат 9:00-де басталып, түсте бір сағат үзіліс жасап, 18:00-ге дейін жалғасады. Мәселен 17-18 тамыз күндері Еркіншілік станциясында сырқаттарды қабылдамақ.

Медициналық пойыз мамандары Қазақстан өңірлеріндегі шалғай станциялардың тұрғындарын тегін қабылдауды және тексеруді мақсат еткен. Бұған дейін 31 шілде мен 16 тамыз аралығында медициналық пойыз Павлодар облысына барып, 9 станцияның тұрғындарын қабылдады. Облыста болған екі апта ішінде консультациялық-диагностикалық пойыздың мамандары 1600-ге жуық тұрғынды, оның ішінде 273 баланы, 1319 ересекті қабылдады. Соның ішінде жалпы практика дәрігері, терапевт пен педиатрға қаралғандардың үлесі жоғары - 1104 адам болды. Хирургке 1030 адам, көз дәрігеріне 824 адам жазылды. Медициналық пойыздың кабинеттерінде ЭКГ, УДЗ және флюорографиялық тексерістер де жүргізіледі.

«Пойыз мамандарының қабылдауына 1975 жылы туған Гүлжихан Серғазинова есімді Маралды станциясының тұрғыны келді. Флюорографиялық зерттеу барысында ерекше жағдайдың куәсі болдық. Науқаста өте сирек кездесетін диагноз – декстрокардия бар екені анықталды. Бұл дегеніміз науқастың жүрегі оң жағында орналасқан», – дейді «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызының жетекшісі Аман Қасенов.

Медициналық пойыз Ақмола облысы мен СҚО-ға сапарынан кейін Қостанай, Қарағанды, Ұлытау облыстарының станциялары бойынша өз жұмысын жалғастырады.

«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы 20 маусымда Алматы облысының Байсерке станциясынан жолға шыққан болатын.

Сондай-ақ 23 мамыр күні «Жәрдем» медициналық пойызы жолға аттанған еді. Қазір ол Қызылорда облысында жұмыс істеп жатыр. Өңірде 1 қыркүйекке дейін болады. Жалпы «Саламатты Қазақстан» және «Жәрдем» медициналық пойыздары еліміздің шалғай аудандарындағы 147 станцияны қамтымақ.

Медициналық пойыздардың қозғалыс кестесі туралы нақты ақпаратты жобаның www.medpoezd.kz ресми сайтынан немесе 8 7172 60 45 94, 8 701 206 15 40 нөмірлері арқылы, сондай-ақ @medpoezd.kz Instagram парақшасынан білуге болады.

Жобаны «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚ жанындағы «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорымен бірлесіп жүзеге асырған.



Фото: gov.kz





Соңғы жаңалықтар