«Салауатты Қазақстан» атты денсаулық сақтау ісін дамыту бағдарламасына 450 млрд теңгедей қаржы бөлінбек
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің бүгін таратқан хабарламасында айтылған.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, мемлекеттік бағдарламаның басты мақсаты - Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту және еліміздің тұрақты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін денсаулық сақтау саласының бәсекеге қабілетті жүйесін қалыптастыру. Бұл, өз кезегінде, бірқатар бағыттарды іске асыруды көздейді. Олар: азаматтардың денсаулығын сақтау мәселелері бойынша сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылдарды арттыру; профилактикалық іс-шараларды, скринигтік зерттеулерді күшейту, негізгі әлеуметтік елеулі аурулардың диагностикасы, емдеу және оңалту тәсілдерін жетілдіру; санитарлық-эпидемиологиялық қызметті жетілдіру. Бұған қоса Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінде медициналық көмекті ұйымдастыруды, басқаруды және қаржыландыруды жетілдіру; медициналық, фармацевтикалық білімді жетілдіру; медицинадағы инновациялық технологияларды дамыту және енгізу, халықтың дәрілік заттарға қолжетімділігін және сапасын арттыру жоспарланған.